Чемпиондар Лигасы. "Атлетиконың" ұпайы түгел

Чемпиондар Лигасы. "Атлетиконың" ұпайы түгел

Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі командалардың үшінші кездесулері аяқталды. Назарларыңызға осы кездесулердің нәтижелерін ұсынамыз...

«F» тобы


«Арсенал» (Англия) 1 – 2 «Боруссия» (Германия)

Арсен Венгер командасы алғашқы таймда тек шабуылда ойнады. Қарсыласты бірден-ақ қыспаққа алды. Ал қарымта шабуылда ойнауды жөн санаған дортмундтық команда өз нәтижесін де көп күттірмеді. 16 минутта Гейнрих Мхитарян есеп ашты. 41 минутта Саньяның асырған пасынан кейін Вайденфеллер айып алаңында қателесуінің салдарынан кездесудегі есеп теңесті. Оливье Жиру өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Екінші таймда екі команда да ширақ қимылдады. 82 минутта «Боруссияның» қарымта жойқын шабуылы нәтиже де берді. Роберт Левандовски жеңіс голын лондондық команданың қақпасында тулатты.

«Марсель» (Франция) 1 – 2 «Наполи» (Италия)

«F» тобында «Марсель» сөзсіз аутсайдер. Үш кездесуде де жеңіліс тапты. Енді команданың алғашқы орын түгіл, Еуропа Лигасына да жолы түспеуі ықтимал. Рафаэль Бенитес шәкірттері сырт алаңда жүйелі ойынымен көзге түсе білді.

"F" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Боруссия Д     3 2 0 1 6:3 6
2.   Арсенал 3 2 0 1 5:3 6
3.   Наполи 3 2 0 1 4:4 6
4.   Марсель 3 0 0 3 2:7 0

«G» тобы

«Порту» (Португалия) 0 – 1 «Зенит» (Ресей) 

«Порту» өз алаңында «Зениттен» жеңіліс тапты. 4 минутта алаң иелері сапынан Мигел Херрера екінші сары қағазын алып алаңнан қуылды. Бұл ресейлік команданың жеңіске жетуіне бірден-бір себепкер де болды. Бразилиялық футболшы Халк өзінің бұрынғы командаластарына қарсы сәтті ойнады. 85 минутта осы футболшының асырған пасын Александр Кержаков нәтижеге айналдыра білді. Нәтижесінде ресейлік команда «Драгау» стадионынан үш ұпай еншілеп қайтты.

«Аустрия» (Аустрия) 0 – 3 « Атлетико М» (Испания)


Мадридтік «Атлетиконың» бұл кездесуде жеңіске жететініне ешкім де күмән келтірмеген болатын. Топтың фавориті саналатын команданың әзірге ұпайы түгел. Үш кездесуде де ұпайдан шашау шығармады.

"G" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Атлетико М    3 3 0 0 8:2 9
2.   Зенит 3 1 1 1 2:3 4
3.   Порту 3 1 0 2 2:3 3
4.   Аустрия В 3 0 1 2 0:4 1

«Е» тобы

 «Стяуа» (Румыния) 1 – 1 «Базель» (Швейцария)

Швейцариялық команда «Стяуаның» сан рет жіберген қателіктерін пайдалана алмады. Тек 48 минутта Диаз бір қателікті голға айналдырғанымен, кездесу аяқталар тұста алаң иелері есепті теңестіріп кетті.

«Шальке» (Германия)0 – 3 «Челси» (Англия)

Жозе Моуринью командасы Гельзенкирхенде сәтті ойнады. Өздеріне басты қажетті 3 ұпайды еншіледі. Фернандо Торрес шеберлігімен танылды. Кездесуде екі бірдей допты еншісіне жазды. «Шальке» командасының қорғанысы сәт сайын сыр берумен болды. Мұны «ақсүйектер» өз пайдасына оңтайлы шешті. 86 минутта Эден Азар есепті 0:3-ке жеткізді.

"E" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Челси 3 2 0 1 8:2 6
2.   Шальке-04     3 2 0 1 4:3 6
3.   Базель 3 1 1 1 3:3 4
4.   Стяуа 3 0 1 2 1:8 1

«Н» тобы

«Селтик» (Шотландия) 2 – 1 «Аякс» (Нидерланды)

«Селтик» алғашқы үш ұпайын еншіледі. Бұл кездесудегі ұпайдың аса маңызды екенін команда сезініп-ақ шықты. Алайда бірден қонақтардың қарсылығына тап болды. «Аякс» Глазгода жақсы-ақ ойнады. Тек соңғы сәттерде сәттілік жетіспеді. Ал Нил Леннон командасы өздеріне берілген мүмкіндіктерді мүлт жібермеді.

«Милан» (Италия) 1 – 1 «Барселона» (Испания)

«Милан» алғашқы минуттардан алаң иелері өздері екенін байқата білді. Негізгі құрамда алаңға шыққан Кака командаласы Робиньюмен жақсы жұп құрап ойнады. 9 минутта Каканың тамаша пасын Робинью каталондық команданың қақпасында тулатты. 24 минутта Линель Месси өзіне берілген тамаша пасты шебер пайдалана біліп, есепті теңестірді. 30 минуттан аса кездесудегі қарқын төмендей түсті. 52 минутта Робиньюда тағы да бір қақпашымен бетпе-бет келетін тұс болған еді. Алайда бразилиялық футболшы допты тоқтата алмады. Бір-бірінің қателігі мен осал тұстарын аңдумен өткен кездесу аса тартысты өтті деуге келмейді. Екі команда да тең нәтижені қанағат тұтып тарқасты. 

"H" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  ұпай 
1.   Барселона     3 2 1 0 6:1 7
2.   Милан 3 1 2 0 4:2 5
3.   Селтик 3 1 0 2 2:4 3
4.   Аякс 3 0 1 2 2:7 1

 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com. sports.ru, sport-xl.ru

Ө. Сансызбай