Үш боксшымыз ширек финалға шықты

Үш боксшымыз ширек финалға шықты

Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 49 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін жерлесіміз Біржан Жақыпов алғашқылардың бірі болып ширек финалға шықты. Ал қазір ғана оның жолын Қайрат Ералиев пен Жәнібек Әлімханұлы жалғады.

1/8 финалда өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен кездесу өткізген Біржан қарсыласына мықтылығын мойындатты. Жерлесіміз алқашқы кездесуінде ресейлік Белик Галановты жеңген болатын. Енді 49 келідегі былғары қолғап шеберіміздің ширек финалдағы қарсыласы – пуэрто-рикалық Энтони Чакон Ривера.


56 келіде ел намысын қорғаған Қайрат Ералиев 1/8 финалында қырғыз боксшысы Өмірбек Малабековтен төрешілер шешімі бойынша 2:1 есебімен басым түсті. Жекпе-жек аса тартысты өтті. Қырғыз бокшысы да осал емес екенін байқата білді. Алайда Қайрат бұл жекпе-жекте өз басымдылығын танытты. Қайраттың келесі қарсыласы – кубалық Робейси Карразан. Ол бүгін Арам Авагянді (Армения) жеңді. Ширек финал 23 қазанда күндізгі көрсетілімде өтеді.

75 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Хуан Меркадоны техникалық нокаут нәтижесінде жеңді. 2013 жылғы Азия чемпионы Жәнібек өз бабында екенін тағы да бір байқатты.

Екінші раундта ширақ қимылдарымен ерекшеленген 75 келідегі былғары қолғап шеберіміз дөп соққысымен Хуан Меркадоны нокдаунға жіберді. Бұдан кейін дәрігерлер боксшы кездесуді жалғастыра алмайтынын мәлімдеді. Енді жерлесіміздің келесі қарсыласы – румын Богдан Журатони. 

Естеріңізге сала кететін болсақ, бүгін еліміздің атынан тағы да 2 былғары қолғап шебереміз шаршы алаңға көтеріледі. Кешке 64 келіде Мерей Ақшалов доминикандық Карлос Адамеспен кездессе, 91 келіде Антон Пинчук өзбек Рустам Тулагановпен күш сынасады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, kazsporttv.kz

Ө. Сансызбай