Касильяс "Реалға" қатаң талап қойды

Касильяс "Реалға" қатаң талап қойды

Мадридтік «Реалдың» әйгілі қақпашысы Икер Касильяс алдағы үш айда негізгі құрамға іліге алмаса командадан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы «Marca» басылымы хабарлап отыр.

«Корольдік клубтың» бас бапкері Карло Анчелотти осыған дейін Икер Касильяс команданың намысын Чемпиондар Лигасы мен Испания кубогы жолындағы тартыстарда қорғайды деген болатын. Ал Диего Лопес Ла-Лигада негізгі құрамда ойнайды. Алайда Икердің де жасыл алаңда көбірек тер төккісі келетіні жасырын емес.

- Менің «Реалда» қалғым келеді. Көптеген биіктерді бағындырсам деймін. Командада бәрі жақсы, бірақ мен өзімді нағыз ойыншы ретінде сезінгім келеді. Егер «Реал» басшылығы үш айдың ішінде менің алаңға шығуым жайлы нақты шешім қабылдамаса басқа командаға ауысу мүмкіндігін қарастырамын, - деді ол Marca басылымына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Икер Касильяс каталондық «Барселонаға» ауысады деген де сыбыстар шыққан болатын. Алайда «Реал» мен «Барселона» арасында трансфер жүру футболдағы сирек кездесетін «құбылысқа» жатады. Ең соңғы рет командалар арасында ойыншы алмасу осыдан 13 жыл бұрын орын алған екен. Ал осыған дейін Виктор Вальдестің «Монакоға» ауысатыны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: football-side.com

Ө. Сансызбай