Әлем чемпионатына тағы 7 команда жолдама алды

Әлем чемпионатына тағы 7 команда жолдама алды

2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының топтық іріктеу кезеңі де аяқталды. Дүбірлі додаға қатысатын 32 команданың 2/3 бөлігі белгілі болды.

Кеше өткен Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінен кейін тағы да 7 команда Бразилияға жолдама жеңіп алды. Олар: Ресей, Босния, Англия, Испания, Чили, Эквадор және Гондурас ұлттық құрамалары. Ресей құрамасы «мундиалға» 12 жыл араға салып жолдама иеленіп отырса, Босния құрамасы тарихында алғаш рет шығып отыр.

Сонымен Әлем чемпионатына жолдама алған 21 ұлттық құрама белгілі. Олар: Бразилия, Жапония, Австралия, Иран, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Италия, Коста-Рика, АҚШ, Аргентина, Бельгия, Швейцария, Германия, Колумбия, Ресей, Босния, Англия, Испания, Чили, Эквадор және Гондурас. Енді қалған 11 жолдаманы сарапқа салатын командалар да белгілі.

Еуропада 9 топқа бөлінген командалар ішінен екінші орын алған ұжымдар 4 жолдаманың біріне таласатын болады. Ал Дания ұлттық құрамасы екінші орын алса да, жинаған ұпайының аз болуының салдарынан Әлем чемпионатынан үмітін үзді.

Еуропада 4 жолдамаға таласатын 8 команда ФИФА рейтингі бойынша 2 себетке бөлінетін болды. Алғашқы себетте Португалия, Грекия, Хорватия және Украина құрамалары болса, олардың қарсыласы Швеция, Франция, Румыния мен Исландия командаларының бірі болады. Жеребе 21 қазан күні Цюрихте өтеді.

Сонымен қатар, халықаралық жолдама таласы бойынша Азияда Өзбекстанды жеңген Йордания, Оңтүстік Америкада 5-ші орын алған Уругваймен кездесетін болды. CONCACAF (Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдері) аймағында Бразилия еліне барар жолдаманы Мексика құрамасы Жаңа Зеландиямен сарапқа салады. Ал Африка құрлығындағы жолдама жолындағы тартыстың алғашқы кездесулері енді аяқталды. Жалпы 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған ұлттық құрамалардың тізімі 20 қарашада белгілі болады.

Әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің үздік сұрмергені болып Нидерланды құрамасының шабуылшысы Робин ван Перси танылды. Ол 10 кездесуден кейін 11 допты қарсылас қақпасында тоғытқан. Осыған дейін аталған ел ұлттық құрамасының үздік сұрмергендер көшін бастаған болатын. Одан бір гол аз соққан босниялық Эдин Джеко екінші орында. Ал Месут Озил мен тағы да бір босниялық Ведад Ибишевич еншілерінде 8 голдан бар. Ал Қазақстан құрамасы барлығы 6 гол соққан. Қайрат Нұрдәулетов пен Андрей Финонченконың еншілерінде 2 голдан бар.  

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: re-actor.net, vk.com

Ө. Сансызбай