Қазақстан Фарер аралдарын жеңе ала ма?

Қазақстан Фарер аралдарын жеңе ала ма?

Бүгін футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеуі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Фарер аралдарының командасымен кездеседі. Ал бас бапкер тең кездесуге қанағаттанатынын жеткізді.

Қазақстан ұлттық құрамасы осыған дейін Фарер аралдарының футболшыларымен үш рет кездескен болатын. Соңғы кездесуде жерлестеріміз қарсыластарын өз алаңымызда 2:1 есебімен әрең жеңді. Фарер аралдары құрамасы ФИФА рейтингінде 182 орында тұрғанын ескеретін болсақ, жерлестеріміздің үш ұпайды қоржынға салуы тиіс-ақ. Алайда алаң иелерінің бүгінгі кездесуде жеңіске деген құштарлығы басым. Өйткені команда Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде ешқандай ұпай иеленген жоқ.

Қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің жеңіске жететініне сеніммен қарауда. Қазақстанның жеңісіне – 1,95 коэффицент, тең ойынға – 3,3  коэффицент, ал Фарер аралдарының жеңісіне – 3,85 коэффицент беріп отыр. 


Мирослав Беранек, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері: 

Бізге тек қана жеңіс қажет. Соңғы кездесулерде командамыз жақсы  ойнауда. Сондықтан, жеңісті жолымызды жалғастыруға тырысамыз. Дегенмен, фарерліктерден жеңіліп жатып, матч соңында есепті теңестіріп кетсек, онда соған да риза боламын. Өйткені ол жақта ауа-райы суық. Бәрі де ойынның өрбуіне байланысты.

Ларс Ольсен, Фарер аралдарының бас бапкері:

Астанада алаң иелері сенімді ойын өрнегін көрсетті. Сонымен қатар, біздің қақпамызға белгіленген пенальти де даулы мәселе еді. Төрешінің бірнеше шешімдерімен келіспеуге болады. Бүгін енді өз алаңымызда ойнаймыз. Сондықтан ең бірінші шабуылға ден қоямыз. Мүмкіндіктерді мүлт жібермесек, бүгін алғашқы жеңісімізге қол жеткізіп, жанкүйерлерімізді қуантамыз деген ойдамын.

Бүгін «Торсволлур» стадионында өтетін кездесуге Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қайрат Нұрдәулетов жарақатына байланысты қатыса алмайды. Оны «Астана» командасының ойыншысы Елдос Ахметов ауыстырмақ. Ал құраманы Нұрбол Жұмасқалиев бастап шығады. Сонымен қатар, Андрей Карпович, Юрий Логвиненко, Андрей Финонченко, Сергей Хижниченко және Марк Гурман да аздаған жарақаттар бар көрінеді. Ал жаңа ғана Гейнрих Шмидтгальдың  да ұлттық құрама сапында алаңға шыға алмайтыны белгілі болды.

 

Естеріңізге сала кететін болсақ, футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеуі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы мен Фарер аралдары командалары арасындағы кездесу сырт алаңда Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Кездесуді «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Бүгін біздің құрамамен бір топта өнер көрсететін командалар да жарыс жолына шығады. Немістер өз алаңында Ирландия футболшыларымен кездессе, Австрия құрамасы қонақта Швециямен үш ұпайды сарапқа салады. Ал өзге топтардағы кездесулерге көз жүгіртсек:

 "А" тобы


 Хорватия   -   Бельгия 

 Уэльс   - 

Македония 

"В" тобы


 Армения   - Болгария 

 Мальта   - Чехия 

 Дания   -    Италия 

"D" тобы


 Нидерланды  - 
Венгрия 

 Андорра       -
Румыния 

 Эстония       -
Түркия 

"Е" тобы


 Албания    -     Швейцария 

 Исландия    - Кипр 

 Словения    - Норвегия 

"F" тобы


 Әзірбайжан   -  Солтүстік Ирландия 

 Люксембург   -  Ресей 

 Португалия   - Израиль 

"G" тобы


 Литва  -    Латвия 

 Босния және Герцеговина   -  Лихтенштейн 

 Грекия  - Словакия 

"Н" тобы


 Молдова   -   Сан-Марино 

 Украина   - Польша 

 Англия   - Черногория 

"І" тобы


 Испания
 - Беларусь 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, soccer.ru

Ө. Сансызбай