Жастардың жолы болмады (видео)

Жастардың жолы болмады (видео)

2015 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U-21 жастар құрамасы Беларуссия U-21 жастар құрамасынан жеңіліс тапты.

Сергей Боровский шәкірттері алғашқы таймда бірінші нөмірмен өнер көрсеткенімен, қарымта шабуылда қарсыластар сәтті ойнады. Өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысты. Беларус жастарының бұл ұмтылысы нәтиже де берді. Алғаш болып есеп ашты. Алайда 32 минутта Бауыржан Исламхан есепті теңестіргенімен, араға бірнеше минут сала қонақтар қайтадан алға шықты. Екінші таймда да Қазақстан жастар құрамасы барынша шабуыл шебінде ойнағанмен, кездесудегі нәтиже сақталды. Есеп 1:2. Қонақтар пайдасында.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін жерлестеріміз сырт алаңда Беларуссия U-21 жастар құрамасынан бір доп айырмасымен басым түскен болатын. Ал Армения, Франция және Исландия жастарынан айлаларын асыра алмаған еді. Бүгінгі жастар құрамасы - ертеңгі ұлттық құрамаға айналатынын ескеретін болсақ, Сергей Боровский командасының нәтижесі көңіл көншітерлік емес. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kff.kz

Ө. Сансызбай