Леннокс Льюис: "100 млн доллар болса, қай Кличкомен болса да шығуға әзірмін"

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Леннокс Льюис: "100 млн доллар болса, қай Кличкомен болса да шығуға әзірмін"

2003 жылы спорттық мансабын аяқтаған аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы британдық Леннокс Льюис ағайынды Кличколармен рингте кездесуге өзінің қоятын бағасын жариялады, деп хабарлайды The Daily Mail. 

БӨЛІСУ

Айта кетейік, 48 жасар Льюис украиндық боксшының жеңісімен аяқталған Владимир Кличко мен ресейлік Александр Поветкин арасындағы кеште құрметті қонақтар қатарынан табылған болатын. Сол кезде британдық боксшыға промоутерлер тарапынан рингке оралу үшін 50 миллион доллар сыйақы ұсынылған еді. Алайда Льюис оған тек аталған сома екі есе көбейген жағдайда ғана шыға алатындығын айтып жауап берген екен: "100 млн доллар болса, қай Кличкомен болса да шығуға әзірмін. Бұл менің қойған бағам және де ол қазіргі кезде талқылануда. Мен бұл мәселеге қызығушылық танытқандардың бәріне өзімді физикалық тұрғыдан керемет бабымда екенімді және жоқ дегенде алты айдан кейін шаршы алаңға көтеріле алатындығымды айттым". 

Дегенмен, Льюис бұл шарт орындалып жатса, алдағы жекпе-жегін Владимирмен өткізгісі келетіндігін де жасырмады. Бұл таңдауға бірден-бір себеп ретінде ол Виталиймен кезінде кездескендігі және одан басым түскендігін айтып отыр. 

Естеріңізге салсақ, Льюис пен Кличко 2003 жылдың жаз айында жұдырық түйістірген болатын. Сол кезде алтыншы раундтан кейін Виталийдің қабағы жарылып, Льюис техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Осы жекпе-жек аяқталғаннан кейін Льюис бірден бокспен қош айтысты. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: dolcemag.com