"Тур Алматы" велобәйгесі мәресіне жетті

"Тур Алматы" велобәйгесі мәресіне жетті

Бүгін Алматыда аяқталған «Тур Алматы» біркүндік велотурында «Астана» командасының велошабандозы Максим Иглинский топ жарды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Осы турда Қазақстан құрамасы атынан сынға түскен ол жарыстың соңғы айналымдарында жеке дара топ бастап, ақыры аяғында мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.  

Екінші орын Bardiani Valvole - CSF Inox командасының атынан шыққан итальяндық Сонни Солбереллиге бұйырды. Ал үздік үштікті Қазақстанның тағы бір өкілі Руслан Тілеубаев қорытындылады. Сонымен бірге төртінші орынды да еліміздің велошабандозы Бақтияр Қожатаев еншіледі.

Айта кетейік, оңтүстік астанамызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық деңгейдегі велотур бастапқыда жоспарланғандай 186 емес, 156 шақырымға созылды. Ал жеңімпаз атанған Иглинский болса жүлде ретінде 15 мың еуроны қанжығасына басты.

Мәреге бірінші болып келген ол бүгінгі жарысқа өз лебізін былайша білдірді: «Барлығыңызға қолдау білдіргеніңіз үшін алғысымды айтамын. Бүгін бір тамаша жарыс өтті!»  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: altaynews.kz

Б. Қосмағамбет