Бүгін Астана-Аренада «Шахтер» мен «Маккаби» кездеседі

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Бүгін Астана-Аренада «Шахтер» мен «Маккаби» кездеседі

Бүгін Елордадағы Астана-Арена стадионында Еуропа Лигасы топтық кезеңіндегі екінші тур ойындары аясында қарағандылық «Шахтер» хайфалық «Маккаби» клубын қабылдайды. Ойын Астана уақытымен 22:00-де басталып, матчты КТК телеарнасы тікелей эфирден таратуды жоспарлап отыр. Ал жарыстың алғашқы матчтарында қос клуб та қарсыластарына жол беріп қойған болатын. «Шахтер» қонақта грекиялық «ПАОК» клубынан жеңілсе (1:2), израильдықтар өз алаңында голландиялық АЗ-ға шамалары келмеді (0:1).

БӨЛІСУ

Сонымен бүгін болатын матчтың екі команда үшін де маңызы өте зор. Әсіресе «Шахтерге» өз алаңында 3 ұпай алып қалудың реті әдбен келіп тұр. Себебі қалған екі клубтың қасында (АЗ мен ПАОК) «Маккаби» мықты клуб саналмайтыны анық. Егер «Шахтер» топтық кезеңнен шығамын деп мақсат қойса, онда бүгін олар міндетті түрде жеңіске жетуі керек.

Осы орайда Vesti.kz спорт порталының бүгінгі командалар құрамына жасаған алдын ала болжамын ұсына кетейік.  

"Шахтер": Мокин, Тарасов, Джидич, Василевич, Малый, Симчевич, Вичюс, Каньяс, Финонченко, Казарян, Хижниченко.

"Маккаби": Шаранов, Шейманн, Кейнан, Цоцалич, Мешумар, Бокколи, Эзра, Райо, Тургеман, Абихазира, Ндлову.

Енді назарларыңызға алдағы матч жөнінде қос клубтың бас бапкерлері айтқан пікірлерін ұсынамыз.

Хайфалық «Маккаби» клубының бас бапкері Ариэль Бенадо былай дейді: «Біз қарсыласымызды жақсы зерттедік. «Шахтер» - екінші қабатта жақсы ойнай алатын ұзын бойлы ойыншылардан құралған ұжым. Ал матчқа келер болсақ, біз климаттық жағдайға, алаңдағы төсенішке де бой үйретуге тырыстық. Бізге ауа-райы қанша қолайсыз болса да, сондай-ақ клубтағы кадрлық мәселелерге қарамастан, жоғары ойын деңгейін көрсетуге дайынбыз деп толық айта аламын. Әзірге барлығы да көңілімізден шығуда».

Сондай-ақ Ариэль Бенадо «Шахтердің» ұлттық чемпионаттағы ойынына да назар аударуды ұмытпапты. Оның сөзінше, «кеншілер» осыдан үш жыл бұрынғы «Ақтөбеден» деңгейі жағынан әлдеқайда жоғары екен: «Біз команданың ұлттық біріншілікте сенімсіз ойнайтынынан хабардармыз. Қазір ол турнир кестесінде төртінші орында тұрғанын да білеміз. Алайда бұл қарсылас оңай шағылатын жаңғақ дегенді білдірмейді, керісінше алда бізді қиын ойын күтіп тұр. Біз де қарсыласымыз сияқты бірінші турда жеңіліске ұшырадық. Сондықтан бүгінгі ойында біз де тек жеңіс үшін ойнаймыз. «Шахтер» сияқты бірінші ойында біз де голландиялық клубқа қарсы бірнеше мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Ал қарағандылық ұжымды осыған дейін өзіміз ойнаған «Ақтөбемен» салыстырар болсам, қазір «Шахтер» олардан әлдеқайда мықты көрінеді».

Сонымен бірге «Шахтер» клубының бас бапкері Виктор Кумыков та алдағы маңызды матчқа қатысты ойын білдірген еді:

«Алдағы барлық ойындар біз үшін оңайға соқпайды. Біздің команда мұндай деңгейдегі турнирге алғашқы рет қатысып отырғаны белгілі. Ал бүгінгі матч жөнінде айтар болсам, қарсыласымыз тәжірибелі және ұйымшыл команда. Ол жерде танымал ойыншылар өнер көрсетпесе де, клуб ұйымшылдық жағынан өте жоғары деңгейдегі команда. Бірінші турда қос команда да жеңіске жете алмағандығын ескерсек, бүгін ұпай үшін жанталасқан матч болғалы тұр».

Ал матчқа шығатын ойыншылар құрамына қатысты Кумыковтың пікірі мынадай:

«Васильевич міндетті түрде алаңға шығады. Ал жазаға ұшыраған Порываевке келер болсам, оны ауыстыруға бізде екі үміткер бар. Осы тұста ПАОКпен болған ойыннан кейін айтқан сөзіме қайтып оралғым келеді. Ол ойында біздің бір топ футболшымыз жақсы ойын көрсете алған жоқ. Егер Еуропада ойыншыны «жұлдыз» деп атаса, ол алаңда барын салуы керек, керісінше біздегідей камера алдына келіп өзін көрсетіп емес. Егер кімде-кім осыған бола ренжитін болса, ол үшін алаңда орын жоқ».

Сондай-ақ бас бапкердің сөзінше, «Шахтер» өзінің осындай жарыстың топтық кезеңіне шығуымен отандық басқа да клубтарға үлкен жол салып берді.

Енді матчқа төрелік ететін қазылар құрамына келейік. Бүгінгі матчты УЕФА венгриялық арбитр Иштван Водқа сеніп тапсырып отыр.

Ал бас қазыға оның отандастары  Иштван Ольберт пен Жолт Спишьяк көмектеседі. Қосымша көмекшілер де Венгриядан келген: Шандор Сабо мен Жолт Сабо. Төртінші рефери қызметін Ласло Високои атқарады. УЕФА ұйымынан матчқа делегат ретінде литвалық Янис Межецкис келді. Бақылаушы Карен Налбандян (Армения).

Қызық ақпарат ретінде айта кетейік, венгрлік қазы мамандығы бойынша менеджер. Ал өзінің халықаралық деңгейдегі төрешілік мансабын 2007 бастаған екен. Сондай-ақ бұл Водтың елімізге жасайтын екінші сапары екен. 2010 жылы ол Астана-Аренада Қазақстан мен Түркия матчына қазылық еткен еді. Ол ойында түріктер 3:0 есебімен ұлттық құраманы тізе бүктірген еді.     

Ал енді бүгінгі матчқа сатылған билеттер санына келер болсақ, кешкі Астана Арена жанкүйерлерге лық толады дей алмаймыз. Бұл мәліметті Vesti.kz тілшісіне билеттерді сатумен айналысатын «Спорт технологиялары» компаниясының менеджері Нұрлан Бакиров жеткізді:

«3 қазан күні таңертең «Шахтер» - «Маккаби» кездесуіне бар-жоғы алты мың билет сатылды. Оның мың шақтысы Қарағандыдан сатылып алынған. Біз де мұндай билеттерге деген сұраныстың аздығына қатты таң қалып отырмыз. Матч БАҚ беттерінде жақсы жарнамаланды, роликтер мен афишалар да жеткілікті мөлшерде көрсетілді».

Дегенмен компания өкілі матч басталғанға дейін билеттердің біразы сатылып қалар деп үміттеніп отыр. Алайда ол Астана-Аренаның көрерменге толы болатынына күмәнмен қарайтынын да жасырмады. Жалпы бүгінгі кездесуге арналған билеттер 25 қыркүйектен бастап сатылымға түскен болатын. Олардың бағасы 400 – 5000 теңге аралығын құрайды. Ал қарағандылық жанкүйерлер үшін арнайы автобустар маршруты ұйымдастырылды.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz