Чемпиондар Лигасы. Гиггз рекорд орнатты (видео)

Чемпиондар Лигасы. Гиггз рекорд орнатты (видео)

«D» тобы

«ЦСКА» (Ресей) 3–2 «Виктория Пльзень» (Чехия)

«ЦСКА» Санкт-Петербургте «Виктория Пльзеньді» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Алаң иелері алғашқы минуттарда сылбыр қимылдады. Нәтижесінде 4 минутта чех командасы есеп ашып кетті. «Армияшылар» 15 минуттан аса есін жинай бастады. Оған дейін Райторал бастаған жігіттер бірнеше қауіпті шабуылдар жасады. Бірақ мүмкіндіктерін пайдалана алмады. 19 минутта кездесудің үздік футболшыларының бірі Зоран Тошич есепті теңестірді. Араға 10 минут сала Кейсуке Хонда есепте «ЦСКА»-ны алға шығарды. 78 минутта чех командасының қақпашысы тақыр жерден қателесті. Нәтижесінде 3-ші доп қақпаларында тулады. Төреші қосқан қосымша уақытта қонақтар сапынан Марек Бакос Игорь Акинфеевтың қателігін сәтті пайдаланып кездесудегі есепті қысқартты.

«Манчестер Сити» (Англия) 1 – 3 «Бавария» (Германия)

Мануэль Пеллегрини командасы өз алаңында мюнхендік командаға қауқар таныта алмады. «Бавария» бабында екенін байқатты. 7 минуттаФранк Риберидің алыстан бағыттаған соққысын Джо Харт қайтара алмады. Доп қақпа торында тулады. 56 минутта Дантеның тамаша пасынан кейін Томас Мюллер қақпашымен бірге-бір шығып, есепті еселеді. Араға 4 минут сала Арьен Роббен есепті 0:3-ке жеткізді. Және осы уақытқа дейін алаң иелері қонақтардың қақпасына жалғыз ғана дәл соққы бағыттаған-ды. 79 минутта Альваро Негредо есепті қысқартты. Артынша Жером Боатенг Яя Туреге қарсы ойын ережесін бұзып алаңнан қуылды. Алайда кейінгі қалған уақытта манчестерлік команданың нәтижені жақсартуға шамалары жетпеді.

"D" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.   Бавария 2 2 0 0 6:1 6
2.   Манчестер Сити    2 1 0 1 4:3 3
3.   ЦСКА 2 1 0 1 3:5 3
4.   Виктория П 2 0 0 2 2:6 0

«А» тобы

«Шахтер» (Украина) 1 –1 «Манчестер Юнайтед» (Англия)

«Донбасс-Аренада» өткен кездесу бірсыдырғы өтті. Нәтижесінде алғаш болып, 21 минутта Даниэль Уэллбек есеп ашса, 76 минутта Тайсон таблодағы есепті теңестірді. 66 минутта Маруан Фелайнидың орнына кірген Райан Гиггз Чемпиондар Лигасына ең көп қатысқан футболшы ретінде рекорд орнатты. Ол осы жарыс жолында алаңға 145-ші рет шықты. Осыған дейін бұл рекорд испандық футболшы Рауль еншісінде болатын (144 кездесу). Үшінші орында «Миланның» бұрынғы қорғаушысы Паоло Мальдини келеді (140 кезедсу). Райан Гиггз осыған дейін «қызыл сойқандар сапында 947 кездесу өткізіп, 168 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген екен. Оның 29-ын Чемпиондар Лигасының кездесулерінде соққан.

«Байер» (Германия) 2 –1 «Реал Сосьедад» (Испания)

Леверкузендік команда өз алаңында «Реал Сосьедадтан соңғы минутта жеңісті жұлып алды. Осыған дейін еурокубоктарда ойнап келе жатқан алаң иелері кездесудің соңына дейін тартыс жүргізе білді. Соның арқасында Сами Хююпяя шәкірттері 3 ұпайды еншілеріне жазды.

"A" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.   Манчестер Юн 2 1 1 0 5:3 4
2.   Шахтер Дн 2 1 1 0 3:1 4
3.   Байер 2 1 0 1 4:5 3
4.   Реал Сосьедад    2 0 0 2 1:4 0

«В» тобы

«Реал Мадрид» (Испания) 4–0 «Копенгаген» (Дания)

Карло Анчелотти баптайтын «корольдік клуб» өз алаңында «Копенгагенды» еш кедергісіз жеңді. Кездесу алдындағы мамандардың болжамы шындыққа айналды. Роналду мен Ди Мария жұбы өте жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Және аталған екі футболшы дубль авторлары атанды. Кездесуде Пепе аздап жарақат алып қалды. Бірақ ойынды жалғастыруға шамасы жетті. Осылайша «Реал» екі кездесу нәтижесі бойынша10 допты қарсылас қақпасына енгізді. Оның жартысы Роналду еншісінде.

«Ювентус» (Италия) 2 – 2 «Галатасарай» (Түркия)

Чемпиондар Лигасының бүгінгі кештегі аса тартысты кездесуі Туринде өтті. «Ювентус» өз алаңында «Галатасараймен» тең тарқасты. Алғаш болып 36 минутта Дидье Дрогба қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланып кездесудегі нәтижені өзгертті. 78 минутта Артур Видаль пенальтиден есепті теңестірсе, 87 минутта Квальярелла «Ювентусты» алға шығарып кетті. Артынша допты ортадан бастаған Роберто Манчини баптайтын команда таразы басын қайта теңестірді. Бұл жолы да Дидье Дрогба командаласы Умут Булутқа тамаша пас шығарып берді. Буффон бұл сәтте дәрменсіз болатын. Осылайша Роберто Манчини өзінің команда тізгінін ұстап, алғашқы ұпайына қол жеткізді.

"B" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Реал 2 2 0 0 10:1 6
2.   Ювентус 2 0 2 0 3:3 2
3.   Копенгаген 2 0 1 1 1:5 1
4.   Галатасарай   2 0 1 1 3:8 1

«С» тобы

«ПСЖ» (Франция) 3 – 0 «Бенфика» (Португалия)

Париждік команда кездесу тағдырын 30 минутта-ақ шешіп қойғандай болды. Ибрагимовичтің екі бірдей голы мен Маркиньюстың көзге түсуінің арқасында алаң иелері екінші жеңіс тойын тойлады.

«Андерлехт» (Бельгия) 0 – 3 «Олимпиакос» (Грекия)

«Олимпиакос» сырт алаңда 3 ұпай еншіледі. «Андерлехтте» қонақта болған команда алаң иелерінің қақпасына жауапсыз 3 бірдей допты тоғытты. 3 голды да Костас Митроглу соғып, кездесуде хет-трик  авторы атанды. 

"C" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.   ПСЖ 2 2 0 0 7:1 6
2.   Олимпиакос 2 1 0 1 4:4 3
3.   Бенфика        2 1 0 1 2:3 3
4.   Андерлехт 2 0 0 2 0:5 0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports-lx.net, sports.ru

Ө. Сансызбай