Вальдес жақында "Барсадан" кететінін мәлім етті

Вальдес жақында "Барсадан" кететінін мәлім етті

Каталондық «Барселонаның» қақпашысы Виктор Вальдес таяуда Франция біріншілігіне ауыспақшы, деп хабарлайды topmercato.com.

Испания ұлттық құрамасының қақпашысы бұрыннан өзіне қызығушылық танытып келе жатқан «Монако» клубын таңдап отыр. Қысқы ауысым аралығында Вальдес каталондық клубпен қош айтыспақ. «Монакомен» жылдық жалақысы 10 миллион еуроны құрайтын 4 жылдық келісімге қол қоятын көрінеді.

"Блаугрананың" қақпашысы соңғы кездері жақсы өнер көрсетіп жүр. Ел біріншілігінде де, кәрі құрлықтың ең ірі додасы саналатын Чемпиондар Лигасында да бағана күзетшілігінде сенімді тұруда. Бірақ, соған қарамастан кетем деп түбегейлі шешім қабылдап отырған көрінеді. 

Вальдестің орнын кім басады? 

Алда-жалда Касильяс ауысып келіп жатса, нағыз сенсация орын алар еді. Футбол тарихында қос клуб арасында талай мықтылар ауысып та отырған. Мәселен, бір кездері португалдық Фигудың ауысып барғаны үлкен шу туғызып, біршама уақытқа каталондық жанкүйерлердің ашу наразылығын туғызып еді. Дегенмен, қосалқы құрамда бағасын ала алмай отырған бағана күзетшісін атақты алпауыттың бас бәсекелесіне жібере қоя ма екен?!

Жазғы маусымда Вальдестің орнын менхенгладбахтық "Боруссияның" жас қақпашысы Марк-Андре тер Штеген ауыстырады деген ақпараттар шығып еді. Уругвайлық Фернандо Муслераға да құда түседі деген сыбыстар да тараған болатын.

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: news.sportbox.ru

Л. Лига