Чемпиондар Лигасы. Озил алғашқы голын соқты

Чемпиондар Лигасы. Озил алғашқы голын соқты

Бүгін Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің екінші кездесулерінің алғашқы күніндегі ойындар мәресіне жетті.

"Зенит" (Ресей) 0 - 0 "Аустрия В" (Австрия)

Лучано Спалетти баптайтын команда өз алаңында жеңіске жетуді көздегені алғашқы минуттардан-ақ байқалды. Халк пен Данни бастаған жігіттер сан рет қонақтар қақпасын торығанымен өз дегендеріне алғашқы таймда жете алмады. Есесіне команда алаңда 10 футболшымен қалды. 43 минутта аса қатты ойын ережесін бұзбаса да, Аксель Витсель кездесуді ерте аяқтауға мәжбүр болды. Екінші таймда да «Зенит» саны жағынан аз болса да кездесудегі басымдықты қолына ұстай білді. Бірақ, алаң иелері дегеніне жете алмады. Cоңғы сәтте командаға сәттілік жетіспегендей. Ал "Аустрия В" қарымта шабуылда сәтті өнер көрсете алмады. Тең кедесуді қанағат тұтқандай сыңай танытумен болды. Осылайша «G» тобының аутсайдерлері саналатын командалар бір-бір ұпай бөлісті.

«Порту» (Португалия)1  – 2 «Атлетико М» (Испания)

«Порту» өз алаңында сәтті ойнайтын командалардың санатына жатады. Мұны алаң иелері бірінші таймда барынша дәлелдеуге тырысты. 16 минутта Жозуэның айып соққысынан тепкен добын Д.Мартинес баспен қарсылас қақпасында тулатты. Алайда бұл маусымда жеңіліссіз келе жатқан мадридтің «Атлетикосы» алаң иелеріне мүмкіндік бермеді. 58 минутта Годин кездесудегі есепті теңестірсе, 87 минутта Арда Туран командасын алға шығарып кетті. 

"G"  тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.   Атлетико М   2 2 0 0 5:2 6
2.   Порту 2 1 0 1 2:2 3
3.   Аустрия В 2 0 1 1 0:1 1
4.   Зенит 2 0 1 1 1:3 1

"Е" тобы

«Базель» (Швецария) 0 – 1 «Шальке 04» (Германия)

Швейцариялық «Базельдың» неміс ұжымына қарсы кездесуде шамасы жетпеді. «Шальке 04» 54 минутта Юлиан Дракслердің соққан голының арқасында жеңіске жетті.

 «Стяуа» (Румыния) 0 – 4 «Челси» (Англия)

«Ақсүйектер» алғашқы кездесуінде «Базельге» есе жібергеннен кейін, бүгін сол қателігін қайталамасын кездесу алдында алға тартқан болатын. Бұл сөздерінде Жозе Моуринью командасы тұрды. 20 минутта Рамирес есеп ашты. 44 минутта румындық команда қақпасына автогол өткізіп алса, 55 минутта тағы да Рамирес шеберлігін танытты. 90 минутта Фрэнк Лэмпард төртінші допты алаң иелерінің қақпасында тулатып, кездесудегі нәтижеге нүкте қойды.

"E" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Шальке-04      2 2 0 0 4:0 6
2.   Челси 2 1 0 1 5:2 3
3.   Базель 2 1 0 1 2:2 3
4.   Стяуа 2 0 0 2 0:7 0

"F" тобы

«Арсенал» (Англия) 2 – 0 «Наполи» (Италия)

 «Арсенал» алғашқы минттардан-ақ «Наполиды» қыспаққа ала бастады. Нәтиже де көп күттірмеді. 8 минутта Жиру мен Рэмсидың шеберлігінің арқасында Месут Озил «Арсенал» сапындағы алғашқы голын соқты. «Канонирлер» шабуылы аса қарқынды екені көзге көрініп-ақ тұрды. 15 минутта тегі түрік неміс футболшысы Месуттың тағы да шеберлігінің арқасында Оливье Жиру есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда да Арсен Венгер шәкірттері аянып қалмады. 46 минутта Мессутың тағы да бір пасы Томаш Росицкиды тапқанымен, чех шабуылшысы мүмкіндікті пайдалана алмады. Осылайша өз алаңында ойқастаған лондондық команда екінші жеңісіне қол жеткізді.

«Боруссия Д» (Германия) 3 – 0 «Марсель» (Франция)

Юрген Клопп командасы алғашқы кездесуінде «Наполиден» жеңіліп ұпай жоғалтқан болатын. Енді бұл кездесуде қалай да болмасын жеңіске жету керек екенін Роберт Левандовски мен Марко Ройс бастаған жігіттер сезініп алаңға шықты. 19 минутта француздық команданың сәтсіз бұрыштама добынан кейін алаң иелерінің қарымта шабуылында Роберт Левандовски ашық қақпаны дәл көздеп, кездесудегі есепті ашты. Екінші таймда Марко Ройс тағы бір допты қарсыластар қақпасында тулатты. Мұнымен алаң иелері тоқтап қалмады. 80 минутта поляк шабуылшысы Роберт Левандовски пенальтиді сәтті орындап, кездесуде дубль авторы атанды. 

 "F" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Арсенал 2 2 0 0 4:1 6
2.   Боруссия Д    2 1 0 1 4:2 3
3.   Наполи 2 1 0 1 2:3 3
4.   Марсель 2 0 0 2 1:5 0

"Н" тобы

«Селтик» (Шотландия) 0 – 1 «Барселона» (Испания)

«Барселона» Глазгода Мессисіз алаңға шықты. Алаң иелері де азулы қарсыласқа қауқар таныта білді. Әсіресе қақпашы Фостер командасын бірнеше рет қауіпті сәттерден алып шыға білді. 60 минутта Скотт Браун қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. 10 футболшымен қалған «Селтик Парк» иелері кездесу соңына дейін есепті сақтап қала алмады. 76 минутта Алексис Санчестің асырған пасын Сеск Фабрегас сәтті пайдаланып, каталондық командаға жеңіс сыйлады. 

«Аякс» (Нидерланды) 1 – 1 «Милан» (Италия)


«Аякс» пен «Милан» арасындағы кездесу негізге уақытқа төреші қосқан қосымша сәтте қыза түсті. 90 минутта алаң иелерінің сапынан Стефано Денсвилл есеп ашып кетсе, кездесу аяқталар тұста алаң иелері қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік айып добын Марио Балотелли еш кедергісіз орындап, командасын жеңілістен құтқарып қалды.

 "H" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Барселона   2 2 0 0 5:0 6
2.   Милан 2 1 1 0 3:1 4
3.   Аякс 2 0 1 1 1:5 1
4.   Селтик 2 0 0 2 0:3 0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com,sports.ru

Ө. Сансызбай