Алматыда Еуразия спорттық ойындары аяқталды

Алматыда Еуразия спорттық ойындары аяқталды

Алматы қаласында өткен жасөспірімдер мен қыздар арасындағы үшінші Еуразия спорттық ойындары мәресіне жетті. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Жарыс қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте Ресей құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Олар барлығы 250 медаль иеленген. Оның 142-сі алтын жүлде. Екінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды. Қазақстандық спортшылар 81 алтын, 93 күміс және 45 қола жүлдені иеленіп, қоржынға барлығы 219 медальды салды. Ал үшінші орынға Беларусь жасөспірімдері жайғасса, төртінші орын қырғыздарға бұйырды. 

Естеріңізге сала кететін болсақ, жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Еуразия спорттық ойындары Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа енген елдер арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Алматыда өткен бұл аламанға 13 спорт түрінен 1000-ға жуық  спортшылар қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алғаш алтын жүлдені салған зілтемірші -Тимур Хасаров болды. Ал құрамамыз ең көп жүлдені бокс пен күрестен иеленді. Санаулы минуттардан кейін Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде жасөспірімдер мен қыздар арасындағы үшінші Еуразия спорттық ойындарының жабылу салтанаты өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sport.akipress.org

Ө. Сансызбай