Чемпиондар Лигасы. Роналду хет-трик жасады (видео)

Чемпиондар Лигасы. Роналду хет-трик жасады (видео)

«А» тобы

 

«Манчестер Юнайтед» (Англия) 4 – 2 «Байер» (Германия)

Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ шабуылда өнер көрсетенін дәлелдейтіндей шабуылдармен бастады. Леверкузендік команда да қарымта шабуылда бой көрсетумен болды. 22 минутта шабуылдың ұшын шығарған манукуниандық команда кездесудегі есепті ашты. Сол қанаттан Патрис Эвраның асырған пасын Уэйн Руни оңтайлы пайдаланды. Негізгі құрамда алаңға шыққан Маруан Феллайни өзінің шеберлігімен көзге түсе білді. Екінші таймда қонақтар қорғаушыларының қателігінен кейін Руни мен ван Перси есепті еселей алмады. Есесіне араға бірнеше минут сала «Байер» капитаны Симон Ролфес есепті теңестірді. 59 минутта оң қанаттан Антонио Валенсияның асырған пасын Робин ван Перси қайшылай теуіп есепті «қызыл сойқандарды» алға шығарды. 71 минутта Де Хеаның алға тепкен добын сәтсіз тоқтатқан Эмир Спахичтің қателігінен кейін Руни кездесуде дубль авторы атанды. 79 минутта кездесуде нәтижелі пастарымен ерекшеле өнер көрсетіп жүрген Антонио Валенсия Рунидың пасын мүлт жібермей есепті 4:1-ге жеткізді. 88 минутта леверкузендік команданың сапында мақтауға тұрарлық ойынымен көзге түсіп келген Омир Топрак кездесудегі есепті қысқартты. Алайда арада минут өтпей ван Перси ашық қақпаны дәл көздей алмады. Осылайша бас бапкер Дэвид Мойес Чемпиондар Лигасындағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады.

«Реал Сосьедад» (Испания) 0 - 2 «Шахтер» (Украина)

Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде француздың "Лионын" сүріндірген сан-себастияндық "Реал Сосьедад" донецкінің "Шахтерынан" айлаларын асыра алмады. Кездесудің алғашқы таймында есеп ашылмағанмен, екінші таймда Алекс Тейшейра екі бірдей допты испандық команда қақпасында тулатып, командасына жеңіс сыйлады. 

 "А" тобы Ойын  Жеңіс   Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.    Манчестер Юн      1 1 0 0 4:2 3
2.    Шахтер Дн 1 1 0 0 2:0 3
3.    Байер 1 0 0 1 2:4 0
4.    Реал Сосьедад 1 0 0 1 0:2 0

«В» тобы

«Галатасарай» (Түркия) 1 — 6 «Реал» (Испания)

Түркиялық команда өз алаңында желпініп өнер көрсетуіне Карло Анчелотти шәкірттері мүмкіндік бермеді. Негізгі құрамда алаңға шыққан Икер Касильяс 15 минутта алаңдағы орнын Диего Лопеске қайта босатты. Қақпа маңындағы қарбаласқан сәтте командаласы Серхио Рамоспен соқтығысып жарақат алды. Кездесуде қонақтарды алға шығарған Иско болды. Екінші таймда Карим Бензема дубль авторы атанса, Криштиану Роналду хет-трик жасады. Ал алаң иелері "корольдік клубқа" бір доппен ғана жауап қатты. Кездесуде Криштиану Роналду мен Карим Бензема жұбы тамаша өнер көрсете білді. 

«Копенгаген» (Дания) 1 – 1 «Ювентус» (Италия)

Антонио Конте баптайтын туриндік "Ювентус" сырт алаңда "Копенгагенмен" тең ойнады. Алғаш болып алаң иелері есеп ашты. 14 минутта Рагнар Сигурдссонның нәтижелі пасын Николай Иоргенсен голға айналдыра білді. Ал қонақтар бұл голға тек 54 минутта ғана жауап қайтарды. Есепті теңестірген - Фавио Квальярелла. Кездесудегі басымдықты ұстаған италяндықтар жеңісті жұлып әкете алмады. Андреа Пирлоның асырған бұрыштама доптарының бірі де нәтижеге айнала алмады. Осылайша Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы күнгі нәтижелердің ішінде жалғыз тең аяқталған кездесу болып тіркелді.

"В" тобы Ойын  Жеңіс   Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.    Реал     1 1 0 0 6:1 3
2.    Ювентус   1 0 1 0 1:1 1
3.    Копенгаген   1 0 1 0 1:1 1
4.    Галатасарай     1 0 0 1 1:6 0

«С» тобы

«Бенфика» (Португалия)2  – 0 «Андерлехт» (Бельгия)

"Да Луж" стадионында португалдық клуб 4-ші минутта-ақ есеп ашты. Гол авторы - Филип Дюричич. 30 минутта Луизау екінші голды қонақтар қақпасында тулатты. Осы есеп кездесу соңына дейін сақталып, "Бенфика" маңызды 3 ұпайына қол жеткізді.

«Олимпиакос» (Грекия) 1 - 4 «ПСЖ» (Франция)

Алғашқы минуттарда алаң иелері "ПСЖ" қақпасын торумен болды. Бірнеше қауіпті соққылар бағыттап көрді. Бірі қақпа бағанынан, бірі қақпа маңдайшасынан қайтты. Кездесуде бірінші болып париждік команда есеп ашты. Максвеллдың берген пасын сәтті пайдаланған Эдинсон Кавани таблодағы есепті өзгертті. Алайда араға бірнеше минут сала алаң иелері таразы басын теңестірді. Екінші таймда алаңға желпініп шыққан қонақтар бұрыштамадан асырған доптарды баспен бағыттаған Тиаго Моттаның дубль авторы атануымен кездесуде алға шықты. 86 минутта тағы да бұрыштамадан көтерілген допты Маркиньюс баспен бағыттап қақпа төрінен бір-ақ шығарды. Осылайша кездесуге нүкте қойды. Қонақтардың бұдан да үлкен есеп айырмасымен жеңуіне мүмкіндіктері болды. Сондай бір мүмкіндік, 82 минутта Златан Ибрагимовичт пенальти орындай алмауымен кездесудегі нәтижеге әсер ете алмады.

"С" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.    ПСЖ   1 1 0 0 4:1 3
2.    Бенфика   1 1 0 0 2:0 3
3.    Андерлехт   1 0 0 1 0:2 0
4.    Олимпиакос   1 0 0 1 1:4 0

«D» тобы

«Виктория Пльзень» (Чехия) 0 – 3 «Манчестер Сити» (Англия)

Алғашқы таймда алаң иелері ағылшынның азулы командасымен тең нәтиже көрсетіп шықты. Алайда екінші таймда "Манчестер сити" өзінің мықтылығын танытты. Бар-жоғы 10 минуттың ішінде Мануэль Пеллегрини шәкірттері алаң иелерінің қақпасына 3 бірдей допты тулатты. Гол авторлары - Эдин Джеко, Яя Туре және Серхио Агуэро.

«Бавария» (Германия) – «ЦСКА» (Ресей)

Мәскеулік "ЦСКА" мюнхендік "Баварияға" қарсы кездесуде қауқар таныта алмады. Алғашқы минуттардан атой салған Хосеп Гвардиола баптайтын алаң иелері есепті 4-ші минутта-ақ ашты. Қақпадан 25 метрдей қашықтықтан соққы бағыттаған Давид Алаба таблодағы көрсеткішті өзгертті. 42 минутта Арьен Роббенның айып соққысынан асырған пасына бірінші болып хорват Марио Манджукич жетті. Және есепті 2:0-ге жеткізді. 68 минутта Давид Алаба тағы да нәтижелі пасымен көзге түсті. Австриялық футболшының асырған пасын Арьен Роббен сәтті пайдаланып кездесудегі есепке нүкте қойды. 

"D" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.    Манчестер Сити   1 1 0 0 3:0 3
2.    Бавария 1 1 0 0 3:0 3
3.    ЦСКА 1 0 0 1 0:3 0
4.    Виктория П 1 0 0 1 0:3 0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru, ojde.biz

Ө. Сансызбай