Қазақстан U-21 жастар құрамасы ойсырай жеңілді (видео)

Қазақстан U-21 жастар құрамасы ойсырай жеңілді (видео)

2015 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U-21 жастар құрамасы сырт алаңда Франция U-21 жастар құрамасынан ойсырай жеңіліс тапты. 

Сергей Боровский жаттықтыратын Қазақстан U-21 жастар құрамасы алғашқы минуттардан-ақ алаң иелерінің адуынына төтеп бере алмасын сездіріп үлгерді. Кездесудің 10 минутынан аса Франция U-21 жастар құрамасы жерлестеріміздің қақпасында бас-аяғы 8 минуттың ішінде 3 бірдей допты тулатты. Алғашқы тайм үш доп басымдығымен алаң иелерінің пайдасына шешіліп шықты. Француздар қатарынан көзге түскен Жордан Ферри, Поль-Жоржа Нтеп де Мадиб және Антони Мартьяль болды.

Екінші таймды жерлестеріміз доппен пас алмасуда аздап нәтижелі ойын өрнегімен ерекшелене түсіп бастаған-ды. Алайда 57 минутта алаң иелері Стас Покатиловтың қателігін сәтті пайдаланып есепті 4:0-ге жеткізді. Араға 2 минут сала қорғаушылардың қателігінен  кейін  Яссин Бензиа  қақпамызда бесінші допты тулатты. Кездесу соңына дейін бірнеше доп қақпамыздың торында тулауы мүмкін сәттер болған. Алайда «Шахтер» командасының екінші нөмірлі қақпашысы Стас Покатилов өз орнына табыла білді. Сонымен Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің 10-шы тобында өнер көрсететін Қазақстан U-21 жастар құрамасы екінші жеңілісіне ұшырап отыр. Осыған дейін жерлестеріміз Армения жастарынан өз алаңымызда жеңіліс тапқан-ды. Әзірге қоржындағы 3 ұпайды сырт алаңда Беларуссия жастарын алғашқы кездесуде жеңіп еншілген болатын. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kff.kz

Ө. Сансызбай