Озил "Арсеналға" ауысты

Озил "Арсеналға" ауысты

Мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Месут Озил лондондық "Арсенал" сапына ауысты. Бұл туралы "канонирлердің" ресми сайты хабарлап отыр.

Неміс футболшысының трансферлік құны 45 миллион еуроға бағаланған көрінеді. Месут Арсен Венгер командасымен 5 жылдық келісім-шартқа қол қойған. Футболшының жылдық табысы 8,6 миллион еуроны құрап отыр. Ал "корольдік клуб" сапында жартылай қорғаушының жылдық табысы 5 миллион еуроны құрайтын.

Месут Озил "Арсенал" командасының трансферлік тарихындағы ең қымбат футболшылардың көшін бастады. Осыған дейін команданың бұл дәрежедегі қымбат ойыншыларының қатарында Хосе Антонио Рейес (17,6 миллион фунт), Санти Касорла (16,7 миллион фунт), Сильвен Вильтор (15,4 миллион фунт) және Андрей Аршавин (14,5 миллион фунт) болатын. Өз кезегінде Месут Озил:

- Менің "Реал" сапындағы өткізген кездесулерім өзімді кәсіпқой футболшы ретінде қалыптасуыма жол ашты. Негізгі құрам ойыншысы атандым, үш бірдей кубокке қол жеткіздім. Ал енді Арсен Венгердің маған артқан сенімін мен әр кездесуде "Арсенал" үшін барымды салып дәлелдеймін деп ойлаймын. Лондондық ұжыммен бірге талай белестерді бағындырғым келеді. 


- Біз өте қуаныштымыз, Месутты өз командамыздың қатарына қосып алғанымызға. Озилдің алаңда өнер көрсетуі өте жоғары деңгейде. Жартылай қорғаушыны командамның сапында ойнауын қалағанымды "Арсенал" басшылығы да қолдады. Енді Озилдың "Арсенал" жейдесін киіп алаңға шығуын ғана күтетін боламыз.

Месут Озил "Арсеналдың" 11-ші нөмірлі жейдесін киеді деп күтілуде. Бұл жаздағы трансфер маусымының соңғы ауысымы болуы әбден ықтимал. Өйткені санаулы минуттардан кейін Еуропада трансфер терезесі жабылады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: eurosport.rumerengues.ru

Ө. Сансызбай