"Бавария" УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанды (видео)

"Бавария" УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанды (видео)

Биылғы маусымның соңғы турнирі УЕФА Суперкубогында мюнхендік "Бавария" клубы лондондық "Челсиден" басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Биыл қос команда арасындағы кездесу Чехия астанасы Прага қаласындағы "Эден-Синто Тип" стадионында өткен болатын. 

Матч басталысымен шабуылға лап қойған лондондықтар ойынның сегізінші минутында-ақ есепте алша шықты. Голдың авторы испандық шабуылшы Фернандо Торрес. Оған дер кезінде пас шығарған Андре Шюрле болды.

Алма кезек шабуылдармен өткен бірінші таймда бұдан кейін есеп ашылған жоқ. "Бавария" футболшылары тек ойынның екінші жартысында есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Мюнхендіктер қатарынан көзге түскен 2013 жылдағы "Еуропаның үздік ойыншысы" атанған Франк Рибери болды. Риберидің айып сызығының сыртынан тартқан добын қайтаруға "Челси" қақпашысы Петр Чехтің еш мүмкіндігі болмады.  

Сондай-ақ бұл ойында сары қағаздар саны да аз болған жоқ. Осының нәтижесінде "Челси" ойыншысы Рамирес матч аяқталуға бес минут қалғанда екінші рет сары қағаз алып алаңнан қуылды. Алайда "бавариялықтар" қарсыласы сыйлаған бұл мүмкіндікті пайдалана алмай, нәтижесінде кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Осылайша жеңімпазды анықтау үшін матчқа отыз минуттық овертайм белгіленді.

Бұл жерде де ойынның басындағы сценарий қайталанып, "Челси" сапынан Эден Азар есеп ашып, командасын кезекті мәрте алға шығарып қойды. Одан кейін есепті теңестіру кезегі мюнхендіктерге тек ойын аяқталуға бірнеше секундтар ғана қалғанда келіп, қақпа алдындағы қарбаласты сәтті пайдаланған Хави Мартинес "Баварияны" жеңілістен сақтап қала алды. 

Ал матч соңындағы пенальтиде 5:4 есебі тіркеліп, мюнхендік команданың жолы болды. "Челси" сапынан шешуші пенальтиді Ромелу Лукаку іске асыра алмай, нәтижесінде "Бавария" УЕФА Суперкубогының жеңімпазы атанды. 

Естеріңізге салсақ, биыл "Бавария" чемпиондар Лигасының финалында "Боруссия" командасын 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің қазіргі кездегі жеңімпазы саналса, "Челси" Еуропа Лигасында дәл осындай есеппен португалиялық "Бенфика" клубын ұтып, жеңімпаз атанған болатын.  

Футбол. УЕФА Суперкубогы:
"Бавария" (Мюнхен, Германия) - "Челси" (Лондон, Англия) - 2:2, пенальти қорытындысында 5:4.

 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sports.ru

Б. Қосмағамбет