Шүменов шаршы алаңға шығады

Шүменов шаршы алаңға шығады

Кәсіпқой бокста еліміздің атынан сынға түсіп, WBA тұжырымының жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі чемпионы Бейбіт Шүменов шаршы алаңға қараша айында шығатын болды. Қарсыласы словакиялық боксшы  - Томаш Ковач.

Бейбіт Шүменов Томашқа қарсы жұдырықтасуда өзінің чемпиондық атағын қорғайтын болады. Кәсіпқой бокстағы өз жолын 2007 жылы бастаған отандасымыз осыған дейін 14 кездесу өткізіп, оның 13-де жеңіске жеткен. Тек біреуінде ғана 2009 жылы Габриэль Кампильоға есе жіберген болатын. Ал тоғыз кездесуін нокаутпен аяқтаған. Соңғы кездесуін өткен жылдың 2 маусымында Энрике Орналеске қарсы өткізіп, чемпиондық атағын абыроймен қорғап қалған-ды. Ал енді Бейбіттің келесі қарсыласы Томаш Ковач жайлы не білеміз?

36 жастағы Томаш Ковачтың тәжірибесі мол-ақ. Кәсіпқой бокстағы 23 кездесуінің барлығында қарсыласынан айласын асырған. Оның 14-де қарсыласын нокаутқа жіберген екен.

Словактардың мақтанышына айналған боксшы мен жерлесіміз Бейбіт Шүменов арасындағы шаршы алаңдағы жұдырықтасу үстіміздегі жылдың 23 қарашасына белгіленіп отыр.

 Дайындаған: Ерғали Ердос

Сурет: boxingblog.com.ua

Ө. Сансызбай