Еуропа лигасы. «Динамо» - «Ақтөбе»

Еуропа лигасы. «Динамо» - «Ақтөбе»

Бүгін Еуропа Лигасының плей-офф кезеңі аясында «Ақтөбе» сырт алаңда Украинаның «Динамо» командасымен қарымта кездесуін өткізеді. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынып отырмыз.

Владимир Никитенко шәкірттері өз алаңында қарсыластарына есе жібергеннен кейін сырт алаңда барын салары даусыз. Алайда бұған киевтік «Динамо» мүмкіндік бере ме? Алаң иелері кездесуге ақ түсті, қонақтар яғни жерлестеріміз қызыл қара жолағы бар жейдесін киіп шығады.

Владимир Никитенко, «Ақтөбе» командасының бас бапкері:

- Барлығын ойын көрсетеді. Киевтік «Динамо» оңай қарсылас емес. Біз гол соғып, өз қақпамызға доп жібермеуіміз керек. Өзімізге қажетті нәтижеге барынша қол созамыз.

Олег Блохин,  «Динамо» командасының бас бапкері:

- Біз алғашқы кездесудегідей қателіктерге бой алдырмаймыз деп ойлаймын. Футболда қателік болмайды емес, болады. Алайда біз бүгін барынша сауатты ойнауға тырысамыз.

Игорь Суркис, «Динамо» командасының президенті:

- Мен Қазақстанның футбол деңгейін білемін. Кезінде «Қайратпен» өткізген кездесулеріміз әлі есімде. «Ақтөбе» біз үшін оңай қарсылас емес. Мұны алғашқы кездесуден-ақ аңғаруға болады.

Букмекерлік кеңселер Киевте өтетін қарымта ойында «Динамо» сенімді түрде жеңіске жетеді деп болжайды. Олар украиналық команданың жеңісіне – 1,23 коэффицент, тең ойынға – 5,5 коэффицент, ал «Ақтөбенің» жеңісіне – 13 коэффицент берген.  Бұл украиналық команданың кездесудегі фаворит екені даусыз.

Бүгінгі қарымта кездесуге Штефан Штудер бастаған швейцариялық қазылар төрелік етеді. Штудерге Жан-Ив Вихт пен Сладан Йосипович көмектеседі. Төртінші төреші — Ален Бьери. Молдован Геннадий Скуртул УЕФА делегаты болса, словакиялық Душан Крхняк бақылаушы атанады.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу Астана уақытымен 22:00-де басталады. Ойынды «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: prosportkz.kz, vesti.kz

Ө. Сансызбай