Головкин Қазақстанда кездесу өткізбек

Головкин Қазақстанда кездесу өткізбек

WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин алдағы бір кездесуін Қазақстанда өткізуді жоспарлап отырғандығын хабарлады. Бұл туралы кәсіпқой боксшы Vesti.kz спорт порталына берген сұхбатында айтқан.

Сонымен назарларыңызға спортшымен болған сұхбатты ұсынбақпыз: 

Алдағы жоспары жөнінде қойылған сұраққа Геннадий былай дейді:    

— Алдағы уақытта өз отанымда, Қазақстанда бір кездесу өткізгім келеді. Егер ол орын алып жатса, бұл үлкен мерекелік шара ретінде жоғары деңгейде өтетіндігін айтқым келеді.  

— Кездесу қай қалада өтуі мүмкін? Мүмкін өзіңнің туған қалаң Қарағандыда болар?

— Қарағандыда өткізу қызықтырақ болар еді. Алайда оның реті келе қоймас. Себебі бұл қалада жоғары деңгейдегі шараны ұйымдастыру және оны өткізу оңайға соқпайды. Сондықтан меніңше, оны Астана немесе Алматыда өткізу әлдеқайда жеңілірек болмақ. Себебі екеуі де бас қалалар болғандықтан оны барлығы да тамашалай алады. Телеарналарға да ыңғайлы. Оның үстіне кездесуді HBO көрсететін болады. Сондай-ақ кәсіпқой бокс ұйымдарының барлық президенттеріне де кездесуді келіп тамашалауға мүмкіндік бар.     

— Бұл жекпе-жек қашан өткізілуі мүмкін?

— Менің ойымша келесі жылы болып қалуы әбден мүмкін. Біз қазір ол жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Енді оны өз күн жоспарымызға енгізуіміз керек.  

— Бұл оқиғаны қайсібір мерзімге жоспарлап жасайсыздар ма? (Мерекелік күндерге)

— Солай шығар...

Естеріңізге салсақ, Геннадий Головкин өзінің келесі жекпе-жегін WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы деген атағын қорғау мақсатында 2-қараша күні американдық боксшы Кертис Стивенсонға қарсы өткізеді. Бокс кеші Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренада өтеді деп жоспарланған. Оны атақты HBO спорт телеарнасы тікелей эфирде бүкіл әлемге таратады.

Головкин осы күнге дейін кәсіпқой рингте 27 кездесуге қатысып, барлығында да жеңіске жетті. Оның 24-ін уақытынан бұрын (нокаут) аяқтады. Ал Стивенс болса 25 кездесуінде жеңімпаз деп танылса (18 кездесу нокаут), үш рет жеңіліске ұшырады.  

Айта кетейік, Қазақстанға боксшы екі аптаға келген болатын. Осы күндері ол Қарағандыда қала тұрғындарымен бірге шахтерлер Күнін тойлауда. Сондай-ақ кеше осы мерекеге орай ұйымдастырылған шарада облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Головкинге Қарағанды қаласының құрметті азаматы төсбелгісі мен дипломын табыстады.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz



Б. Қосмағамбет