"Шахтер" 25 сатыға жоғарылады

"Шахтер" 25 сатыға жоғарылады

Шотландияның "Селтигін" тізе бүктірген қарағандылық "Шахтер" командасы Еуропаның клубтық рейтингінде 25 саты жоғарылады. УЕФА рейтингінде Қазақстан Босния және Герцеговинаны басып озды. Ал Еуропаның БАҚ өкілдері Қазақстандағы сенсация жайлы не дейді?

2013/2014 маусымдағы Еурокубок жолындағы тартыста барын салған қазақстандық клубтар УЕФА рейтингінде ұлттық құрамаға рекордтық ұпай сыйлауда. Осы маусымда еліміздің клубтарының қоржынында 10,5 ұпай  («Шахтёр» — 4 ұпай, «Ақтөбе» — 4 ұпай, «Ертіс» — 2,5 ұпай) бар. Осыған дейін қазақстандық футбол ұжымдары бір маусымда 2 ұпайдан артық жинамаған болатын. Әзірге УЕФА коэффициент кестесіндегі соңғы бес кезеңнің қорытындысы бойынша, Қазақстан 7,750 ұпай иеленіп, Босния және Герцеговинаны басып озып, 34-орынға тұрақтап отыр. 

2012/2013 жылғы маусымда Виктор Кумыков баптайтын команда 147-орыннан көрінген болатын. Ал осы маусымдағы "кеншілер" командасының сәтті ойыны қазақстандық клубты 25 саты жоғарылатып отыр. Нәтижесінде "Шахтер" Еуропаның клубтық рейтингінде 122-орынға тұрақтады. Алайда команданың жарыс жолында күтіп тұрған кездесулерін ескеретін болсақ, әлі клубтың рейтингте жоғары өрлеуге мүмкіндігі мол.

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы кездесуін жеңіспен бастаған "Шахтер" жайлы кәрі құрлықтың БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Ендеше Қазақстандағы сенсацияны басты беттерінде жариялаған басылымдарға үңіліп көрейік:

1. 2:0 болып жеңілген «Селтиктің» халі мүшкіл (© AFP)

2. Қазақстан клубына есе жіберген «Селтик» Чемпиондар Лигасында ақсап қалды (© Irish Examiner)

3. Чемпиондар Лигасында «Селтиктің» басына күн туды (© Bleacher Report)

4. «Селтик» Қазақстанда қорғаушыларының қателігінен сан соғып қалды (© The Irish Times)

5. «Селтик» күтпеген жеңіліске тап болды (© Dundee Courier, Scotland)

6. Ұсақ «шабақ» «Селтикке» ұстатпады (© The Independent)

7. Кельттер Қазақстаннан көңілсіз қайтты (© Celtic FC — Official Site)

8. Чемпиондар Лигасы кешінің сенсациясы: Селтик Глазгоның жеңілісі (© Evening Times)

9. «Шахтер» плей-офф кезеңінде «Селтикті» селт еткізді (© UEFA.com)

10.Қазақстандағы сұмдық – «Селтиктің» жаға ұстатар жеңілісі (© Daily Record). 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай