"Шахтер" айды аспанға шығарды (видео)

"Шахтер" айды аспанға шығарды (видео)

Бүгін қазақ футболының тарихына алтын әріппен жазылатын күн десек те болады. Азуын айға білеген «Селтик» қарағандылық «Шахтерге» сес көрсете алмады

Чех төрешісінің ысқырығы шалынысымен «Селтик» сес көрсете бастады. Үш бірдей бұрыштама добын орындады. Оның біреуінде Александр Мокин қателесіп, гол өткізіп алуға жақын қалса, біреуінде допты кейін серпіп, голдан команданы аман алып қалды. 12 минутта  Гедиминас Вичюстың лақтырған добына команда капитаны Андрей Финонченко бірінші болып жетті. Және кездесудегі есепті ашты. Қонақтар гол жіберіп алғаннан кейін, шабуылын үдеткенімен, «кеншілер» командасының қорғанысын бұзып өте алмады. 28 минутта қонақтардың бағыттаған соққысы қақпа бағанына тиіп кері серпілді. Бұл жанкүйер жүрегін бір дір еткізген сәт болды. Осылайша алғашқы таймда жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіп шықты.

Екінші таймды да қонақтар шабуылмен бастады. Алайда бұл қысымдары «Шахтерды» састыра алмады. Есесіне бірнеше мәрте Сергей Хижниченко қауіпті сәттер тудыра білді. 73 минутта қонақтар «кеншілер» қорғаушыларының босаңсыған сәтін өз пайдаларына шешуге асыққан. Бірақ ұлттық құраманың қақпашысы Александр Мокин өзінің қырағылығын танытып, командасын голдан құтқара білді. 77 минутта «Шахтер» сапынан Сергей Хижниченко есепті еселеді. Сергейге «Селтик» қорғаушылары қорған бола алмады. Осы нәтиже ойын соңына дейін сақталды.

«Шахтер» (Қарағанды, Қазақстан)  — «Селтик» (Глазго, Шотландия) 2:0 (1:0)
Голдар: 
Финонченко 12 (1:0), Хижниченко 77 (2:0)
Ескертулер: Муйоколо 45
«Шахтер»: Мокин, Василевич, Порываев, Джидич, Малый, Симчевич, Вичюс, Казарян, Каньяс, Финонченко (Зенькович 82), Хижниченко
«Селтик»: Форстер, Исагирре (Балде 82), ван Дейк, Малгрю, Муйоколо, Лустиг (Мэтьюз 67), Браун, Коммонс, Лэдли, Самарас, Форрест
Бас төреші: Павел Краловец (Чехия)
Астана. «Астана Арена».

Кездесудегі статистика:

Доп ұстау басымдығы: 35% — 65%
Қақпаға соққы:
 14 — 17
Қақпаға дәл соққы:
 7 — 7
Ереже бұзу:
 13 — 6
Офсайдтар: 3 — 1
Бұрыштама:
 3 — 7
Сары қағаз:
 0 — 1
Ойыншы алмасу: 
1 — 2.  

Осылайша «Шахтер» өз алаңында Шотландия чемпионын сенімді түрде ұтты. Енді қарымта кездесу 28 тамыз күні өтеді.

 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Alaman.kz

Ө. Сансызбай