Волейболшы қыздарымыз Гран-при жарысын аяқтады

Волейболшы қыздарымыз Гран-при жарысын аяқтады

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік Гран-при жарысын аяқтады. Александр Гутор жаттықтыратын волейболшы қыздарымыз 17-ші орынға тұрақтады. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен әлемдік Гран-придің үшінші кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы тек Куба қыздарын жеңуге шамалары жетті. Нидерланды мен Бразилия секілді азулы қарсыластарынан айлаларын асыра алмады.

Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы кездесуін Олимпиада чемпиондары Бразилияға қарсы өткізді. Алғашқы партияларда қарсыластарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткенімен, Жозе Роберто Гимараеш баптайтын бразилиялық қыздар өз тәжірибелерінің арқасында жеңіске жетті. Есеп 0:3. Қазақстандық волейболшы қыздар сапынан үздік көрсеткішті командамен 11 ұпай жинаған Сана Джарлагасова көрсетті. Қонақтар қатарынан Таиса Менезеш командасына 17 ұпай сыйлап, үздік танылды. Әлемдік Гран-придің үш кезеңінің қорытындысында, Қазақстан әйелдер құрамасы 9 кездесуден 4 ұпай жинап 17-ші орынға жайғасты. Біздің волейболшы қыздарымыздан кейін Пуэрто-Рико, Куба және Алжир құрамалары бар.

Алматыда финалдық кезеңге жолдама алған Бразилия құрамасы

Қазақстан әйелдер құрамасының әлемдік Гран-придегі сәтсіздігін команданың бас бапкері Александар Гутор волейболшы қыздардың жарақат алуымен түсіндіруде. Естеріңізге сала кетсек, құраманың негізгі ойыншылары Татьяна Мудрицкая мен Людмила Анарбаева жарақаттарына байланысты жарысқа соңына дейін қатыса алмаған болатын. Ал құраманың негізгі ойыншысының бірі Марина Стороженко дүбірлі додадағы өз позициясының үздік бестігіне енді.

Әлемдік Гран-придің үш кезеңінің қорытындысы бойынша Қытай (25 ұпай), Бразилия (23 ұпай), Сербия (23 ұпай), АҚШ (22 ұпай), Италия (21 ұпай) және Жапония (19 ұпай) қыздары финалдық кезеңге жолдама алып отыр. Дегенмен соңғы Жапония құрамасының волейболшы қыздарымен ұпайлары тең болған Ресей, Түркия және Болгария құрамалары да қосымша көрсеткіштерімен финалдық кезеңге таласып көрмек.

Аламанның финалдық кезеңі қыркүйек айында Жапонияның Саппоро қаласында өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz

Ө. Сансызбай