Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Соңғы күн

Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Соңғы күн

Кеше Мәскеуде жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының соңғы күні болып өтті. Жарыстың тоғызыншы күнінде алты бірдей медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Жексенбілік жарыста Ресей құрама командасының қоржыны Мария Савинованың 800 метр қашықтықта жеңіп алған күмісі және Мария Абакумованың найза лақтырудан алған қола жүлдесімен толықты. Осылайша жарыс қожайындары Ресей елі жалпы саны жеті алтын, төрт күміс және алты қола медальмен 2001 жылдан бері алғаш рет медальдар жарысында топ жарып отыр. Екінші орынды американдық атлеттер иеленді. Оларда 25 медаль бар (6-13-6). Үштікті Ямайка елінің желаяқтары қорытындылап тұр (6-2-1).

Сонымен кешегі күннің жеңімпаздары мыналар:

КРИСТИНА ОБЕРГФЁЛЬ (Германия), найза лақтыру (әйелдер)

1

2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Кристина найзаны 69,05 метрге лақтырып, әлем чемпионы атанды. Күміс аустралиялық Кимберли Макледе (66,60). Қола медаль ресейлік Мария Абакумоваға тиді (65,09).  

ТЕДДИ ТАМГО (Франция), үш қарғып секіру (ерлер)

2

Франциялық атлет Тамго өзінің соңғы мүмкіндігінде ғана алтын медальды қарсыластарынан тартып алды. Ол 18,04 метрге секіріп, жылдың үздік нәтижесін тіркеді. Күмісті кубалық Педро Пабло Пичардо иеленді (17,68). Үшінші орын американдық Уилл Клейге тиді (17,52).  

АСБЕЛ КИПРОП (Кения), 1500 метрге жүгіру (ерлер)

3

24 жасар кениялық қара маржан 3 минут 36,29 секунд нәтижесін тіркеп, әлем чемпионы атанса, екінші болып мәре сызығын американдық Мэтью Сентровиц кесті (3.36,78). Қола медаль ОАР атлеті Йохан Кроньеге бұйырды (3.36,83).

ЭНИС СУМ (Кения), 800 метрге жүгіру (әйелдер)

4

Бұл қашықтықта ресейліктер Мария Савиноваға үтім артқан еді. Алайда кениялық Сум оған еш мүмкіндік бермей (1.57,80), алтыннан алқа тағынды. Мария тек екінші орынды қанағат тұтыға мәжбүр болды (1.57,80). Қола медаль американдық Бренда Мартинесте кетті (1.57,91).

ЯМАЙКА ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ, эстафета 4х100 метр (әйелдер)

5

Әлем чемпионатының соңғы күнінде болған ұшқырлар арасындағы эстафеталық жарыста Ямайкалық спортшылар ешкімге дес бермеді. Алдымен Шэлли-Энн Фрейзер-Прайс бастаған әйелдер құрамасы чемпионат рекордын жаңартып (41,29 секунд), алтын медальға ие болды. Күміс француздықтарға бұйырды (42,73), қола жүлде американдық жүйріктерге тиді (42,75).

ЯМАЙКА ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ, эстафета 4х100 метрге жүгіру (ерлер)

6

Әйелдер жасаған ерлікті Ямайка құрамасының ерлері де қайталай білді. Олар биылғы жылдағы әлем бойынша ең үздік нәтижені тіркеді – 37,36 секунд. Екінші болып АҚШ спортшылары келді (37,66). Жарысты ұйымдастырушылар қола медальды британиялық спортшылардың ереже бұзуына байланысты канадалық командаға ұстатты (37,92).

Сонымен 9 күнге созылған жеңіл атлетикадан Мәскеудегі әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионаттағы барлық спорт түрінің нәтижелерін өткен Олимпиада ойындарымен салыстырсақ, бұл жарыс нәтижелі болды деп сенімді түрде айтсақ болады. Әлем рекорды орын алмады десеңіз, барлық дерлік спорт түрлеріндегі жеңімпаздар жеңіске ұлттық рекорд, жарыс рекорды немесе маусымдағы үздік нәтиже көрсеткіштерімен жетіп жатты. Бұл жарыста ең көп табысқа жетті деп екі спортшыны айтсақ болады. Олар Усейн Болт пен Шэлли-Энн Фрейзер-Прайс (екеуі де Ямайкадан). Осы жарыс аяқталысымен Болт сегіз дүркін әлем чемпионы атанса (оған қоса алты дүркін Олимпиада чемпионы деген атағы да бар), оның отандасы Фрейзер-Прайс бес мәрте әлемнің мықтысы деп танылып отыр (сондай-ақ ол екі рет Олимпиада ойындарын да жеңіп алды).  

Ал Қазақстан атынан бұл жарысқа қатысқан 17 спортшымыз жүлде алмақ түгілі финалдық кезеңдерге де өте алмады. Құрама қатарына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың демалыс алуына байланысты ілікпегендігін айта кетейік. Ал біз өз кезегімізде атлеттеріміз енді 2015 жылы Пекинде өтетін әлем чемпионатында жүлделі орындардан көрінеді деп сенім білдіреміз.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sportni.bg, rus.ruvr.ru

Б. Қосмағамбет