Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Жетінші күн

Жеңіл атлетикадан ӘЧ: Жетінші күн

Мәскеуде өтіп жатқан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының жетінші күнінде алты бірдей медальдар жиынтығы үлестірілді.

Жұма күнгі жарыста Ресей командасының қоржыны екі алтын және бір қола медальмен толықты. Әйелдер арасында балға лақтырудан Татьяна Лысенко мен ұзындыққа секіруден Александр Меньков өз қарсыластарынан оза шығып, Ресей рекордын жаңартты. Ал Татьяна тіпті ешкім күтпеген жерден әлем чемпионаттарының рекордын бұзды. Ресейдің 4х400 метрге жүгіруден эстафеталық командасы қола медаль еншіледі.   

Осылайша медальдар саны бойынша жарыс қожайындары 5 алтын, 3 күміс және 3 қоламен екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды американдық спортшылар 5 алтын медальмен иеленіп отыр. Олардағы алтын медальдар саны ресейліктермен тең болғанымен, жалпы жүлде саны әлдеқайда көп – 16 медаль. Үздік үштікті Кения елінің спортшылары қорытындылап тұр.

Сонымен жұма күнгі жарыстарда мына атлеттер үздік деп танылды:

ТАТЬЯНА ЛЫСЕНКО есей), балға лақтыру (әйелдер)

1

Ресейлік қыз снарядты 78,80 метрге лақтырып, әлем чемпионы атанды. Күміс польшалық Анита Влодарчикте (78,46 метр), қола Венцзью Чжанға бұйырды (75,58 метр).

АЛЕКСАНДР МЕНЬКОВ (Ресей), ұзындыққа секіру (ерлер)

2

Меньков бұл сайыста екі рет қатарынан Ресей рекордын жаңартып, биылғы маусым бойынша әлемдегі ең үздік нәтижені тіркеді (8,56 метр). Күмісті голландиялық Игнасиос Гайсайхқа бұйырса (8,29), қола мексикандық Луис Риверада (8,27).  

МО (МҰХАММЕД) ФАРА (Ұлыбритания), 5000 метрге жүгіру (ерлер)

3

Мо Фара бұл аралықты 13 минут 29,98 секундта жүгіріп өтіп, бұл чемпионаттағы екінші алтынын иеленді. Естеріңізге салсақ, ол осыған дейін 10 000 метрге жүгіруден де алдына жан салмаған еді. Екінші болып мәре сызығын эфиоп Хагос Гебрхивет кесті (13.27,26). Үшінші орын Исайя Киплангатқа бұйырды (13.27,26).    

ШЭЛЛИ-ЭНН ФРЕЙЗЕР-ПРАЙС (Ямайка), 200 метрге жүгіру (әйелдер)

4

Әйелдер арасындағы жарыста да жеңімпаз дубльмен көзге түсті. 22,17 секунд нәтижесін көрсеткен Фрейзер-Прайс 100 метрден кейінгі екінші алтынын иеленсе, ивуарлық Мюрьель Аур 22,32 көрсеткішімен күміс медальға қол жеткізді. Жүлделі үшінші орын Нигерия елінің жүйрігі Блессинг Окагбареге тиді (22,32). Байқағаныңыздай, соңғы екі спортшының көрсеткен нәтижесі бірдей, алайда жарыс ережесіне сәйкес мұндай жағдайда жеңімпаз фотофиниште  анықталады. Бұл жарыста АҚШ үміті Эллисон Феликстің жарақат алып, мәреге жете алмағандығын да айта кетейік.

ДАВИД ШТОРЛЬ (Германия), ядро лақтыру (ерлер)

5

Бұл сайыста да кішігірім сенсация орын алды. Жарыс басталмастан бұрын көпшілік жеңісті алдын-ала американдық Райан Уитингке беріп қойған болатын. Алайда ол лақтырған ядро Давид Шторльдікі (21,73 метр) сияқты алысқа ұша қоймады. Нәтижесінде неміс алтын медальға ие болса, Райан Уитинг (21,57) күмісті қанағат тұтты. Қола медаль канадалық Дилан Армстронгке кетті (21,34 метр). Ерлерге арналған біртегіс ядроның салмағы 7,257 келіні құрайтынын айта кетейік.  

АҚШ құрама командасы, 4х400 метрге эстафеталық жарыс (ерлер)

6

АҚШ-тың Меррит бастаған аузына құс тістеген жүйріктері 2.58,71 уақыт нәтижесін көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. Екінші болып ямайкалық желаяқтар келді (2.59,88). Үштікті ресейліктер қорытындылады (2.59,90).

Ал енді назарларыңызға бүгін болатын жарыстар кестесін ұсынамыз. Айтпақшы бүгінгі күннің ең соңғы жарыс бағдарламасын ямайкалық аңыз Усейн Болттың қатысуымен өтетін ерлер арасындағы 200 метрге жүгіру сайысы аяқтайтынын ұмытпаңыздар. Бәлкім ол бір кездері өзі қойған әлем рекордын (19,19 секунд) бүгін бұзып қалар?

17:30 (Астана уақытымен) – Марафон. Ерлер. ФИНАЛ

Фавориттер: Тсегайе Кебеде, Тадесе Тола, Лелиса Десиса (екеуі де Эфиопия)

20:00 – Биіктікке секіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Анна Чичерова (Ресей)

20:20 – 100м кедергілер арқылы жүгіру. Әйелдер. Жартылай финал

20:35 –Найза лақтыру. Ерлер. ФИНАЛ

Фавориттер: Витезслав Веселы (Чехия), Теро Питкямяки (Финляндия), Дмитрий Тарабин (Ресей)

20:55 – 5000м. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Месерет Дефар (Эфиопия)

21:30 – Эстафета 4х400м. Әйелдер. ФИНАЛ

Фавориттер: Ресей, АҚШ

21:50 – 100м кедергілер арқылы жүгіру. Әйелдер. ФИНАЛ

Фаворит: Брианна Роллинз (АҚШ)

22:10 – 200м. Ерлер. ФИНАЛ

Фаворит: Усэйн Болт (Ямайка)

Бұл жарыстардың қалай аяқталғандығы жөнінде ертең хабарлайтын боламыз.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sports.ru, rg.ru

Б. Қосмағамбет