Гран-при турнирін сәтсіз бастадық

Гран-при турнирін сәтсіз бастадық

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік Гран-при турнирінің үшінші тур ойындарын сәтсіз бастады. Волейболшы қыздарымыз Голландия қыздарынан жеңіліс тапты.

Қазақстандық волейболшы қыздар алғашқы сетте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алайда соңынан қателіктерге бой алдырып, есе жіберіп алды. Келесі екі сетте де жерлестеріміз кездесу тізгінін қарсыластарына беріп қойды. Осылайша Александр Гутор баптайтын волейболшы қыздарымыз алғашқы кездесуінде 0:3 есебімен жеңіліс тапты.

Александр Гутор, волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері:

- Менің волейболшы қыздарға айтар еш өкпем жоқ. Олар жеңіс үшін барын салды. Негізінен бір күн алдын оқу-жаттығу жиыны кезінде екі бірдей ойыншымыз кездесуге шыға алмайтыны белгілі болды. Жаттығу кезінде Татьяна Мудрицкая жарақат алып қалса, Людмила Анарбаева сырқаттанып қалды. Бұл да команданың сәтсіз өнер көрсетуіне әкеліп соқты.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өтіп жатқан әлемдік Гран-придің үшінші кезеңі 19 тамыз күні өз мәресіне жетеді. Бүгін Қазақстанның волейболшы қыздары сағат 18:00-де Куба қыздарымен кездеседі. Кездесуге кіру тегін.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz

Ө. Сансызбай