Еуропа лигасы. Сидельников «сиқыры»

О Сансызбай Корреспондент
Еуропа лигасы. Сидельников «сиқыры»

Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің аясында «Ақтөбе» пенальтиден «Брейдабликті»  жеңді. Ұлттық құрама қақпашысы Андрей Сидельников төрт бірдей пенальтиді қайтарды.

БӨЛІСУ

Алғашқы минуттарда Владимир Никитенко шәкірттері сәтті ойын өрнегін көрсетті. Төрешінің ысқырығы шалынысымен «Ақтөбе» алға ұмтылған-ды. Алайда уақыт өте жергілікті ұжым ойын деңгейін теңестіре білді. Шабуыл шебінде өнер көрсетіп жүрген Сергей Лисенков бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне «Брейдаблик» пайдаланды. 27 минутта Андрей Сидельников қорғаған қақпаның кілтін тауып кетті. Голды команда капитаны Маргейрссон соқты.

Екінші таймда Владимир Никитенко шәкірттеріне бар ақылын жеткізгендей. «Ақтөбе» кездесудегі басымдықты өз қолына ала бастады. Алайда 38 жастағы  Гуннлейфур Гуннлейфссон шеберлігін таныта білді. Жергілікті команданы аса қауіпті сәттерден алып шықты. 67 минутта Харабара мен Тимур Кападзенің соққыларын қақпасына дарытпады. 82 минутта «Ақтөбе» сапында ойыншы алмасты. Алаңға «Ақтөбенің» өзбек легионері Александр Гейнрих шықты. Александрдың алаңға шығуымен команда шабуылына жаңа серпіліс енгендей болды. Алайда таблодағы есепті өзгертуге қос ұжымның да шамалары жетпеді.

Қосымша уақытта қос команда да бір-бірінің қателігін аңдумен уақыт өткізді. Тимур Кападзенің пас берудегі қателігі Рохденің қауіпті шабуыл жасауымен аяқталды. Қақпашымен бірге-бір шығуға аз қалған Марат Хайруллинды соңғы сәтте қорғаушы тоқтатты. Осылайша кезек пенальти сериясына да жетті. Алғаш болып «Брейдаблик» пенальтиді орындайтын болды.

Пенальти сериясында «Ақтөбенің» бағы жанды. Андрей Сидельников қарсыластың 4 бірдей футболшысының добын қайтарды. «Брейдаблик» сапынан Ингасон, Лидссон, К.Йонссон және Троост ұлттық құрамамыздың қақпашысынан айласын асыра алмады. Тәжірибелі Гуннлейфур Гуннлейфссон да аянып қалмады. Алғашқы кездесуде сан соқтырған Марат Хайруллиннің соққысын қайтарды. «Ақтөбе» сапынан Эмиль Кенжесариев пен Тимур Кападзе нысананы дәл көздеп, команданы плей-офф кезеңіне алып шықты.

Кездесудегі статистикаға көз жүгіртіп көрейік:

Қақпаға соққы: 5 — 13
Қақпаға дәл соққы: 2 — 6
Бұрыштамалар: 1 — 7
Офсайдтар: 3 — 7
Ереже бұзу: 17 — 17
Сары қағаз: 1 — 4
Қызыл қағаз: 0 — 0. 

«Брейдаблик» (Копавогсвёлюр, Исландия) — «Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) 1:0, қосымша уақыт. 1:0, пен. 1:2
Гол: 
Маргейрссон 27 (1:0)
Ескертулер: Адальстейнссон 58 — Ковальчук 44, Мулдаров 52, Лисенков 60, Харабара 65
«Брейдаблик»: Гуннлейфссон, Троост, Ингасон, Йонссон К., Маргейрссон, Хрейдарссон, Лидссон, Гардарссон (Рохде 73), Йеоман (Вильяльмссон 101), Адальстейнссон (Хельгасон Э. 82), Хрейнссон
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Праймус, Арзуманян (Балтаев 105), Кенжесариев, Харабара, Хайруллин, Ковальчук, Кападзе, Лисенков (Гейнрих 82)
Бас төреші: Себастьен Дельферьер (Бельгия)
9 тамыз. Рейкьявик. «Лейгардальсведлюр».
Алғашқы кездесу:
 0:1. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sports.kz