Еуропа лигасы. «Брейдаблик» - «Ақтөбе»

О Сансызбай Корреспондент
Еуропа лигасы. «Брейдаблик» - «Ақтөбе»

Бүгін «Ақтөбе» командасы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуін өткізеді. Исландиялық «Брейдаблик» клубында қонақта болатын Владимир Никитенко шәкірттеріне жеңіс тілейміз!

БӨЛІСУ

Исландиялық «Брейдаблик» командасы өз алаңында тәп-тәуір ойнайтын ұжымдардың қатарына жатады. Соңғы 6 кездесуінің төртеуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңіліп, бір рет тең нәтиже көрсеткен. Барлығы 10 допты қарсылас қақпасында тулатса, 2 рет қана допты өз қақпасынан алып шыққан екен. Команда 38 жастағы қақпашы Гуннлейфур Гуннлейфссонның шеберлігіне сенім артатынын жасырмауда.

Владимир Никитенко баптайтын «Ақтөбе» командасы соңғы сырт алаңдағы 6 кездесуінің үшеуінде жеңіске жетіп, екеуінде жеңіліс тауып, бір ойынды тең аяқтаған. Барлығы 5 гол соғып, 3 допты өз қақпаларына өткізіп алған. Команданың Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өткізген кездесулеріндегі үздік сұрмергені Сергей Давыдов болып отыр. Өкінішке орай Ресейден келген легионер жарақатына байланысты бүгінгі матчқа қатыса алмайды. Сонымен қатар, бұл кездесуге Сергей Гридин мен Дмитрий Мирошниченко шықпайды. Сергей Гридин «Восток» командасына қарсы кездесуде жарақат алса, Дмитрий жастар құрамасының жаттығуына шақырту алған. Бұл туралы команданың бас бапкері мәлімдеп отыр.

- Бізге келесі кезеңге өту талабы қойылып отыр. Басқа ешқандай кедергілерге назар аудармауға тырысамыз. Басты мақсат – келесі кезеңге өту – деді Владимир Никитенко.

Қос ұжым арасындағы кездесуге көптеген букмекерлік орталықтар командалардың тең екенін мәлімдеуде. Екі команданың да жеңісіне 2,69, тең кездесуге 3,3 коэффициент беруде. Ал отандық премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген футболшылар не дейді?

Евгений Аверченко, «Ертіс» командасының жартылай қорғаушысы:

- Менің ойымша кездесу 1:1 есебімен тең аяқталады. «Ақтөбе» үшін тартысты кездесу күтіп тұр. Бірақ, тең нәтижеге қол жеткізіп, келесі кезеңге өтеді деп сенемін.

Максим Самченко, «Атырау» командасының қорғаушысы:

- Меніңше кездесу тең аяқталады. «Ақтөбе» келесі кезеңге өту керек. Есеп 0:0 болады деп ойлаймын.

Денис Родионов, «Атырау» командасының жартылай қорғаушысы:

- Мен «Ақтөбенің» алғашқы ойынын көрдім. Команда көптеген қауіпті шабуылдар жасады. Тек сәттілік аса жетіспеді. Қонақта ойнау Владимир Никитенко баптайтын командаға оңай соқпасы анық. Меніңше, кездесу тең аяқталатын секілді. Сонда да «Брейдаблик» - ұйымшыл команда. «Ақтөбеге» сақ ойнаған дұрыс.

Кездесу Астана уақытымен сағат 02:00-де басталады. Өкінішке орай бұл кездесу тікелей эфирде көрсетілмейді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vk.com