"Ақтөбе" мен "Хедд" матчында ине шаншыр орын болмайды

"Ақтөбе" мен "Хедд" матчында ине шаншыр орын болмайды

Еуропа Лигасының екінші іріктеу раунды аясында "Ақтөбе" мен норвегиялық "Хэдд" клубтары арасында "Қобыланды батыр" стадионында өтетін матчқа арналған билеттер түгелдей сатылып кетті. Қазірдің өзінде касса жанында билет іздеген адамдардың қарасы азаймай тұр.

"Аренаның сыйымдылығы 12800 адам десек, біз сатылымға 12200 билет қойдық, - дейді стадион директоры, - алдыңғы қатардағы орындарға билеттер сатылмайтын болғандықтан, сандарда осындай айырмашылықтар болып тұр. Қазіргі кезде билеттер бірі қалмай сатылып кетті. Біздің қолымызда оның тек қана 500 данасы қалып отыр. Оның себебі де жоқ емес. Біз әр матч сайын оларды мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ футболшылардың отбасы мүшелеріне үлестіріп отырамыз".   

Билет таба алмай сандалған жанкүйерлердің көпшілігі қазір оларды таныстарынан немесе алып сатарлардан сатып алуға көшкен. Бірақ соңғылары билеттің бастапқы бағасынан бес есе қымбатқа сатып жатырған көрінеді.

     

Ал бүгін өтетін ойынға келер болсақ, екі клубта да құрамдарына қатысты қиындықтар болып тұр. Атап айтсақ, "Ақтөбенің" бас бапкері Владимир Никитенко негізгі құрамдағы бірнеше футболшылардың жарақаттарына алаңдаулы. Алайда дәл қай футболшының алаңға шыға алмайтыны жөнінде әзірге нақты мәлімет жоқ. Ал норвегтердің қатарында негізгі құрамның бір ойыншысы жарақат алып қалған болса, тағы бір басты қорғаушысы Аким Латиф визалық қиындықтарға байланысты Қазақстанға келе алмады. 

Естеріңізге салсақ, Еуропа Лигасының екінші іріктеу раунды аясындағы "Ақтөбе" мен "Хедд" арасындағы қарымта матч Астана уақытымен 22:00-де басталады. Норвегияда өткен бірінші ойында еуропалық клуб минималдық есеппен жеңімпаз атанған еді. Ал қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін кездесуді "Қазспорт" арнасы тікелей эфирден көрсететінін естеріңізге сала кетейік. 

Ақтөбеден бөлек, бүгін алаңға павлодарлық "Ертіс" те шығады. Ол жауапты мачтын босниялық Широки Бриег қаласының аттас клубымен өткізеді. Павлодарда өткен бірінші ойын қорытындысында "Ертіс" 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал Босниядағы бүгінгі жауапты матчты "Ел Арна" телеарнасы тікелей эфирден көрсетуді жоспарлаған еді. Алайда екі жақ келісімге келе алмай, нәтижесінде Қазақстан жанкүйерлері бұл матчты теледидардан көре алмайтын болды. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport.nur.kz

Б. Қосмағамбет