Серік Сәпиев – «ЮНЕСКО Чемпионы»

О Сансызбай Корреспондент
Серік Сәпиев – «ЮНЕСКО Чемпионы»

Қазақстандық боксшы, 2012 жылғы олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев спорт саласындағы ерекше жетістіктері үшін «Спорт бойынша ЮНЕСКО Чемпионы» деген құрметті атаққа қол жеткізді. Бұл туралы «Астана Спорт» басылымы хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

«Спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы» (UNESCO Champion for Sport) - жас ұрпақтың болашағы үшін дене шынықтыру мен спортты насихаттап, барша әлемде ЮНЕСКО идеясын таратуға ықпал еткен әлемдік дәрежедегі танымал спортшыларға берілетін атақ.

«Бұл аса құрметті атақ, ЮНЕСКО-ның бұл атағына лайықты болып танылғаныма қуаныштымын, - деді Серік Сәпиев. - Бұл туралы маған Иманғали Нұрғалиұлы хабарлады, ол әлемде «Спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы» атағы 12 рет қана берілгенін айтып, құттықтады. Бұл мен үшін асқан құрмет. Спортты бұдан әрі дамыту үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін» - деді.

Бұл құрметті атаққа ең алғаш неміс шабандозы, «Формула-1» чемпионы Михаэль Шумахер, 1994 жылдан бергі ізгі ниет елшісі Эдсон Арантис ду Насименту - атақты Пеле, әлемдік додалардың және Олимпиадалардың чемпионы француз дзюдошысы Давид Дуйе, қадамен секіруден әлемдік рекорд орнатқан Украина спортшысы Сергий Бубка, аты аңызға айналған хоккейші, екі дүркін олимпиада чемпионы Вячеслав Фетисов, ауыр салмақтағы әлем чемпиондары, ағалы-інілі боксшылар Виталий және Владимир Кличко, WTA теннисшісі, «Үлкен Дулығаның» жеті рет жеңімпазы, олимпиада чемпионы Жюстин Энен, екі дүркін олимпиада чемпионы, литвалық жеңіл атлет Виргилиус Алекна, белгілі ямайкалық жеңіл атлет, олимпиаданың үш дүркін чемпионы Вероника Кэмпбелл-Браун, монғол сумо балуаны Хакухо Сё, жағажай волейболынан олимпиада чемпионы бразилиялық Жаклин Силва, белгілі уругвайлық футболшы және жаттықтырушы Оскар Табарес сынды спортшылар қол жеткізген. Енді бұл қатарды жерлесіміз Серік Сәпиев толықтырып отыр.

Құрметті атақты табыстаудың салтанатты рәсімі Парижде БҰҰ-ның штаб пәтерінде өтеді. Бірақ диплом қазақстандық боксшыға 22-23 тамызда Астанада өтетін 2013-2022 жылдар кезеңінде мәдениеттердің жақындасуы халықаралық онжылдығын ұлықтау жөніндегі халықаралық форум шеңберінде табыс етілуі мүмкін.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

сурет: news.nur.kz