Мырзағали Айтжанов: «Барлық боксшыма 5 деген баға қоямын»

Мырзағали Айтжанов: «Барлық боксшыма 5 деген баға қоямын»

Жуырда ғана аяқталған бокстан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы жеті бірдей алтын, бір күміс алып, командалық есепте бірінші орын алып қайтты. Осы орайда, біз бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановқа хабарласып, Азия біріншілігіне қатысқан боксшылардың жалпы шама-шарқы мен Азия біріншілігі қандай дәрежеде өткенін сұрап, білдік.

— Мырзағали Құланұлы, алдымен сіздерді Азия біріншілігінде көрсеткен тамаша нәтижелеріңізбен құттықтаймын. Айтыңызшы, сары құрлықтың басты додасына аттанар кезде осындай нәтижеге қол жеткіземіз деп ойладыңыздар ма? Жалпы, команда алдында қандай мақсат болған еді?

— Рақмет! Азия біріншілігіне барар кезде ешқандай құрама мұнша медаль аламыз деп ойламады. Біз Иорданиядан екі алтын анық алып, әрі қарай жағдайға байланысты көре жатармыз деп ойлаған ек. 2009 және 2011 жылдардағы Азия біріншілігінде біз екі алтын алған болатынбыз. Сондықтан да осы жолы да солай болғанын күткен едік. Дегенмен, боксшылар өздерін Амман шаршы алаңдарында жақсы қырынан көрсете білді. Нәтижесінде, біз 7 алтын, 1 күміс алдық. Бұл дегеніміз тамаша көрсеткіш.

— Біріншілікке алып барған Қазақстан боксшыларының қайсысы сізді ерекше таң қалдырды?

— Ешбір жігіттерімді бөліп жарғым келмейді. Барлығы да жақсы өнер көрсетті. Барлық боксшыма 5 деген баға қоямын. Тіпті, жеңіліп қалған боксшылардың өзі шаршы алаңда қарсыластарымен бірдей деңгейде бокстасты. Командамыз өте тату, әрбір былғары қолғап шеберіміздің жеңісіне жұдырықтай жұмылып қуанып отырдық. Жалпы, айтқанда Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсеттік.

— Иорданияға барған боксшылардың барлығы дерлік шынымен сіздің көңіліңізден шықты ма?

— Жоғары да айттым ғой, барлық боксшының өнеріне риза болдым. Дегенмен, бізді алда әлі талай жұмыстар күтіп тұр. Бұл Азия біріншілігі алда өтетін Әлем чемпионатының алдындағы емтихан десе де болады. Жіберген қателіктерімізді де көрдік. Енді сол қателерді дұрыстау мақсатында жұмыс істейміз.

— Биылғы Азия біріншілігінің деңгейі туралы не айта аласыз?

—  Иордания үшін бұл бокстан халықаралық дәрежеде өткізіп отырған алғашқы додасы. Сондықтан да біршама тәжірибе жетіспей тұрғаны көрініп тұрды. Бірақ, ұйымдастырушылар қолдарынан келгенінің барлығын жасады. Жарыстың деңгейі де жақсы өтті деп бағалауға болады.  

— Бұл біріншілікке Азияның маңдайалды боксшылары келді ме?

— Иә. Азия құрлығының бір, екі ғана мықты боксшыларынан басқа мықтылардың басын қосты бұл жарыс. 91 келі салмақта сириялық атақты боксшы болмады. Сондай-ақ, 49 келіде Оңтүстік Кореяның бірінші нөмірлі боксшысы келмепті. Тағы Өзбекстан құрамасының да бірнеше мықты былғары қолғап шеберлері қатыспады. Дегенмен, олардың орнын өсіп келе жатқан жас буындар жоқтатпады десе де болады.

— Біріншіліктегі төрешілердің деңгейі қандай болды?

—  Бұл Азия біріншілігінде төрелік жаңа әдіс бойынша өткізілді. Қапталда отырған бес төреші қай боксшының жеңгеніне дауыс береді. Әрі қарай компьютер бес дауыстың қорытындысы бойынша автоматты түрде жеңімпазды анықтап береді. Әрине, біздің жігіттер жеңілген кездесулерде төрешілерге деген біршама өкпе-назымыз болды. Дегенмен, жалпы төрешілер де тәп-тәуір жұмыс жасады. Біз әрдайым өз боксшыларымыздың жеңіске жету үшін қарсыласынан бір бас жоғары болу керек деп үйретеміз. Сол кезде төрешілердің де шешіміне шағым айта алмайды ешкім.

— Қазан айында Алматыда бокстан Әлем чемпионаты өтеді. Бұл Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасының сапында өзгерістер бола ма?

— Жоқ. Құрама сапында айтарлықтай өзгерістер болмайтын шығар. Дегенмен, оны алдағы уақытта көре жатармыз. Бірақ Азия біріншілігінде жұдырықтасқан боксшылардың 70-80 пайызы әлем біріншілігіне қатысатыны анық.

— Соңғы сұрағым, Әлем біріншілігіне дайындықтарыңыз қалай өтеді?

— Бүгінде құрама сапындағы көптеген жігіттер екі немесе үш халықаралық жарыстарға қатысты. Ал, кейбіреулеріне Азия біріншілігі бұл маусымдағы алғашқы жарыс еді. Енді осы жарыстардан соң, біз теңіз бойында демалып алсақ дейміз. Дегенмен, демалыста біз жайбарақат жатады деп ойламаңыздар. Ол жақта да жаттығу жасаймыз. Бірақ әдеттегідей күніне 2 немесе 3 реттен емес, күніне 1 рет жаттығу өткіземіз. Содан келіп Алматы маңындағы «Ақ Бұлақ» базасында жігіттердің физикалық күштерін қалыпқа келтіреміз.  

—  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН