Кличко мен Поветкин кездесуінің сыйақысы анықталды

Кличко мен Поветкин кездесуінің сыйақысы анықталды

Бокстан аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Владимир Кличко мен WBA тұжырымының уақытша чемпионы Александр Поветкиннің кездесуі туралы келісімшарттар аяқталды. Қос алып арасындағы кездесу 5 қазан күні Мәскеуде өтеді деп белгіленген. Тіпті, бұл кездесуде жұдырықтасатын боксшылардың сыйақы мөлшері де анықталып қойған.

WBA тұжырымының уақытша чемпионы Александр Поветкин Бүкіләлемдік бокс одағының заңы бойынша міндетті түрде WBA тұжырымының суперчемпионы Кличкомен кездесу керек болатын. Сәуір айында бұл кездесуді өткізуді жеңіп алған ресейлік боксшының промоутерлері осы мәселеге байланысты екі ай бойы Владимир Кличкомен келіссөздер жүргізген.

«Бұл кездесуге міндетті түрде WBA қол қою керек болатын. Оны біз маусым айының аяғында алдық. Келіссөздерді жүргізу оңайға соққан жоқ. Дегенмен, барлық мәселелер дер кезінде шешілді. Енді тек 5 қазанда өтетін кездесуді күту ғана қалды», - дейді бұл кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, кәсіпкер Андрей Рябинский.

«Мен бұл кездесу туралы келісімдердің сәтті аяқталғанына қуаныштымын. Бүкіл әлемдегі бокс жанкүйерлері Поветкин екеуміздің кездесуімізді асыға күтуде. Бұл кездесу аса ауыр салмақтағы ең қызықты жекпе-жек боларына сенемін», - дейді кездесу туралы өз пікірін білдірген Владимир Кличко.

IBF, WBA, WBО және IBO тұжырымындағы әлемнің чемпионы Владимир Кличко мен WBA-дің уақытша чемпионы Александр Поветкин арасындағы кездесудің жалпы сыйақы қоры 23 миллион долларды құрайды. Оның 17 миллионын Кличко алса, қалған 6 миллион долларды Поветкин қалтаға басады.

Сондай-ақ, Поветкиннің промоутері Владимир Хрюновтың айтуынша, қос алып арасындағы кездеуді тамашалауға бүгіннің өзінде 50 мыңнан аса жанкүйер билетке тапсырып берген. Дегенмен кездесу өтетін Мәскеудің «Олимпиский» спорт ғимараты бар болғаны бір сәтте 35 мың ғана жанкүйерді қабылдай алатынын айта кетейік.

«Билеттерді шілде айының ортасынан бастап сатылымға шығарамыз. Біз барлық жанкүйерлерді сыйлауымыз керек. Сондықтан да Украинадан келетін бокссүйер қауымға да міндетті түрде орын қалдырамыз. Барлық жанкүйерлердің билет сатып алуға қалтасы көтеретіндей етіп жасаймыз», - дейді Владимир Хрюнов.

 Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sportnews.glavcom.ua

Ю. НИКУЛЛИН