Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер белгілі болды

Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер белгілі болды

Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы ( УЕФА) 2012/2013 маусымдағы Еуропаның ең үздік ойыншысы жүлдесіне үміткер 10 футболшының тізімін жариялады. Тізім қауымдастық құрамына кіретін тілшілердің дауыс беру нәтижесінде түзілген.

Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер саны бойынша биылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы «Бавария» көш бастап тұр. Атақты неміс клубының сапынан – Томас Мюллер, Арьен Роббен, Франк Рибери және Бастиан Швайнштайгер бар. Ал финалда «Баварияның» қарсыласы атанған дортмундтық «Боруссия» сапынан жалғыз ғана футболшы тізімге еніпті. Ол – биылғы маусымда ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Роберт Левандовски.                                              

Сонымен қатар бұл жүлденің басты үміткерлері тізіміне мадридтік «Реалдан» Криштиану Роналду, «Барселонадан» Лионель Месси, «ПСЖ» сапынан Златан Ибрагимович, «Тоттенхэмнен» Гарет Бейл және «қызыл сойқандар» сапынан Робин ван Перси енген.

6 тамыз күні аталған 10 футболшының ішінен жарыс жолын жалғастыратын үздік 3 ойыншының аты белгілі болады. Ал Еуропаның үздік футболшысының есімі 29 тамызда Монакода болатын Чемпиондар лигасының жеребе тастау рәсімінде аталады.

Естеріңізде болса, Еуропаның үздік футболшысы жүлдесі 2011 жылы бастау алған болатын. Сол жылы бұл атақты Лионель Месси иеленсе, 2012 жылы оның командаласы Андреас Иньеста жеңіп алған-ды. 

 

сурет:inoprosport.ru 

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай 

Ө. Сансызбай