Astana Arlans WSB төртінші маусымындағы қарсыластарын анықтады

Astana Arlans WSB төртінші маусымындағы қарсыластарын анықтады

Бүкіләлемдік бокс сериясының қазіргі жеңімпаздары Astana Arlans командасы өз атақтарын бірінші болып әзірбайжандық Baku Fires клубына қарсы кездесуде қорғайтын болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Лозаннада өткен жеребе тартудын кейін қазақстандық команда B тобына түсті. Сонымен олардың осы топтағы қарсыластары: Mexico Guereros, Cuba Domadores, Azerbaijan Baku Fires, Russian Boxing Team және Hussars Poland клубтары. Астаналықтар бірінші кездесуін өз шаршы алаңдарында әзірбайжандарға қарсы өткізбек. 

Ал А тобына үшінші маусым финалисі Ukraine Otamans-тан бөлек, Italia Thunder, USA Knockouts, Argentina Condors, Algeria Desert Hawkes және German Eagles командалары топтастырылды. 

Жарысқа тұңғыш рет кубалық Cuba Domadores клубы қатысқалы отыр. Қазақстандық клуб өткен маусымда әзірбайжандық және ресейлік клубтармен кездеспеген еді. Ал польшалық клуб болса маусымда бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Ал мексикандықтарға қарсы жекпе-жек өткізген Astana Arlans оларды финалға дейінгі кезеңде сүріндірген болатын. 

Естеріңізге сала кетейік, WSB үшінші маусымында Astana Arlans клубы еліміздің бас қаласында украиндық "атамандарға" қарсы кездесуде минималды есеппен жеңіске жетіп, 2012/13 жылғы маусым жеңімпазы атанған еді. Арландарға жеңісті ұпайды Бағдат Әлімбеков алып келген болатын. 

Айта кететін тағы да бір жайт, биылғы маусымның ережелері де өзгеріске ұшырады. Енді клуб бұрынғыдай бес кездесу емес, оның орнына он кездесу өткізетін болды. Яғни боксшылар он салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын болып шешілді. Одан бөлек, маусым қорытындысында олимпиадалық жолдамалар да сарапқа салынатын болды.    

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: inform.kz

Б. Қосмағамбет