Қос алып ақыры кездесетін болды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Қос алып ақыры кездесетін болды

Аса ауыр салмақтағы бірнеше дүркін әлем чемпионы, украиндық Владимир Кличко мен WBA тұжырымы бойынша тұрақты чемпион, ресейлік Александр Поветкин арасындағы жекпе-жек ресми түрде мақұлданып, оның өтетін күні белгілі болды, деп хабарлайды "Р-Спорт". Осыған дейін біз сіздерге Кличко мен Поветкин арасындағы келісімге нүкте қойылғанын, енді оған WBA келісім беріп жатса ғана жекпе-жек өтетіндігін хабарлаған едік

БӨЛІСУ

Ереже бойынша, осыған дейін ресейлік боксшы аса ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша суперчемпион Кличкоға қарсы міндетті түрде шаршы алаңға шығуы тиіс болатын. Осыған байланысты Кличко промоутерлері мен кездесуді өткізу құқығын жеңіп алған ресейлік мамандар арасында қос алыптың жекпе-жегін өткізу жөніндегі келісім бірнеше айға созылған еді. 

"Екіжақты келісімді WBA мақұлдауы тиіс еді. Олар маусым айының соңына қарай өз келісімдерін берді. Сонымен келісім-шарт толықтай дайын болды. Енді бізге қалғаны - екі алыптың шайқасы болатын қазан айын күту ғана",-дейді жекпе-жекті ұйымдастырушылардың бірі, бизнесмен Андрей Рябинский. 

Сонымен Владимир Кличко (60-3, 51 нокаут) мен Александр Поветкин (26-0, 18 нокаут) арасындағы кездесу 5-қазанда Мәскеудің "Олимпийский" спорт кешенінде өтеді. 

Жекпе-жектің қалай аяқталғанына қарамастан, келісімшартқа сәйкес Кличко ұйымдастырушылардан 17 миллион доллар сыйақы алса, ал Поветкин 6 миллион долларға қалтасын қалыңдатпақ.  



Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: prosport-ru.tsn.ua