Тайсонның тағы мен бағы

Ардақ Құлтай Корреспондент
Тайсонның тағы мен бағы

Өткен ғасырдың 80-90 жылдардағы бокс жұлдызы Майк Тайсонның атағы жыл өткен сайын жарқырап, аңызға айнала берер ме, кім білсін. Оның спорттағы жетістіктері ғана емес, бәріміз кезінде дәу қараның ісі деп жақтыртпай қараған МІНЕЗІ осындай бір даңққа алып келді.

БӨЛІСУ

Тек өз күшінің арқасында кедейлікті де, қасіретті де жеңе білді. Кедейлік туралы әңгіме айтып отырған ол «Мен қалтамда ақша болмаған кезде, үстіме шүберек киіп алып көшеге қайыр сұрауға шығатынмын, бірақ қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда бос болатынмын» дейді.

Тайсонның құпиясы да сол – салынған әрбір ісіне жанын береді. Мәселен, бокс! Бұл спорт түрін ол тек шеберлік деп, немесе ақша табудың оңай жолы деп қарамайтын, ол тағы бір сөзінде «Мен шаршы алаңға шыққанда қарсыласымның жүрегін суырып алып, оның қандай болатынын көрсеткім келетін» дейді. Бұл сөздер оны зұлым етіп көрсетеді, бірақ бокс – мәймөңке спорт емес! Міне, дәл осы көзқарас нағыз чемпионда болуы керек.

Айтпақшы, темір Майк бүгін, 30 маусымда 47-ші туған күнін тойлауда, бокс жұлдызымен жақынырақ танысайық...

  1. Мектепте оқитын жасынан бастап бала Майк көгершін құсын өсіріп, бүгінге дейін дәл осы бір құстың жанашыры болып алған. Оның тіпті кептерлер жарысына қатыстырып, оларға деген үлкен құрмет көрсетуі темір Майктың да адам екенін дәлелдеп түскендей.
  2. Ол туралы жазған БАҚ-тың қандай да ауыр сипаттамаларына қарамастан, оның көңілі баладай жуас. Чемпион бірде өзінің ең осал тұсы – сезімталдығы екенін жасырмапты. Бірақ дәл осы әлсіздігі оның жаңа мүмкіндіктерін ашып берген. Қайда, қандай іспен айналысса да, шындықты бетке айту қасиеті осыдан болса керек.
  3. Майк Тайсон есірткімен байланысқанын қуыстанбай айта беретін адам. Мұндай даңққа кенелген адамның «жұлдызды ауруы» кезінде не істеп, не қойғанын тіпті өзі ді білмей қалатын шығар, кім білсін. Десек те ол өзінің алты бірдей баласы үшін салауатты өмір салтына өтіп, өзінің нәпсісін жеңе алған адам. «Менің әке-шешем маған дұрыс ден бөлмеді, сол үшін де көңіл түкпірімде жазылмас жара қалды, ал мен өз кезегімде балаларыма бар уақытымды бөлемін, осы бір мәселе балаларымның басында болмасын деймін».
  4. Ол 1997 жылы Эвандер Холлифильдпен жұдырықтасты. Осы кездесуде Майк қарсыласының құлағын тістеп тастады. Осыдан бастап шатаққұмар чемпионды ешкім де ұнатпай қалды, достар кешірмеді, сатып кетті, ал заң түрмеге қамады. Бірақ ол осы бір ісі үшін толықтай жауап берді. Бұқара көзінше Холлифильдтен кешірім сұрай білді.
  5. Оның балалық шағының қаһарманы – Мұхаммед Али. «Ол менің боксқа келуімнің бірден бір себебі бола білген әрі аты аңызға айналған боксшы. Оны ешкім де естен шығармауы тиіс. Ол барлық спортшылардың үздігі» депті аңызбен бетпе-бет келгенде. Қазірдің өзінде Майк Алидің үйіне жиі қонақ болатын көрінеді.
  6. 2009 жылдан бастап Тайсон ет жемейді екен. Бұл жарнама да емес. Ол жәй ғана өзгеру емес, толықтай өзге адам болуға көшкен. Ол қазір бұрынғыдай бай болмаса да, сол өмірге қанаған ететін жағдайда.
  7. 2000 жылдан бастап ол киноға ат басын бұрды. «Мальчишник в Вегасе» фильмі бұл сөзімізге дәлел. Бірақ әр ісін тыңғылықты кірісетін Майк бокстағыдай сәттілікке жететініне сенімсіз екен.

Міне, әлемге әйгіленген ұлы спортшының осындай ерекшелітері бар. Жақсысынан үйренетін, жаманынан жиренетін жастар болса, қанекей?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: zvezdastok.ru