Головкиннің келесі қарсыласы Питер Куиллин болуы мүмкін

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкиннің келесі қарсыласы Питер Куиллин болуы мүмкін

Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлердің айтуы бойынша қазақстандық боксшының келесі қарсыласы болып Питер Куиллин атануы әбден мүмкін. Бірақ ол үшін бұл жекпе-жекті HBO арнасы көрсетуі керек екен. Айта кетейік, қазіргі кезде Гена мен аталған телеарна арасында келісім орнаған. Басқаша айтқанда, Головкин HBO телеарнасының "жобасы" болып табылады. 

БӨЛІСУ

Алайда осы тұста бір маңызды мәселе бар. Куиллин негізінен HBO арнасының басты бәсекелесі Showtime телеарнасында өнер көрсетеді. Сондықтан жекпе-жек тек екі жақты келісімнің нәтижесінде ғана жүзеге асуы тиіс. Мұндай қос алып телеарнаның арасындағы текетірес бокс әлемінде бұрыннан келе жатқан бас ауыртар мәселе. Бірақ олардың көбінде екі жақ өзара тиімді келісім жасап қана шешім тауып жатады. Мысалы кезінде әлемді аузына қаратқан аса ауыр салмақтағы Майк Тайсон мен Леннокс Льюис арасындағы кездесу де қос арнаның біраз уақыт келісімнен кейін ғана жүзеге асқан еді. Ол кезде де Тайсон Showtime атынан шықса, ал Льюистің HBO-мен келісімі болды.   

Енді Куиллиннің мансабындағы көрсеткіштеріне келсек. Ол осы күнге дейін кәсіби рингте 28 кездесуге шығып, оның барлығында да жеңіске жеткен. Оның 20-ын нокаутпен ұтқан. Ал Головкинде 27 кездесу және 24 нокаут. Бірде-бір жеңіліс жоқ.  

Естеріңізге салсақ, 30-маусым күні АҚШ-та өткен британдық Мэттью Маклинге қарсы кездесуде Головкин қарсыласын кездесудің 3-раундында-ақ нокаутқа жіберген еді. Осы жеңісінің арқасында қазақстандық боксшы, WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы орта салмақтағы әлемдік рейтингте екінші спортшы атанып отыр. 
Батыстық беделді boxrec.com сайтының хабарлауынша, қазіргі таңда Головкинде 774 ұпай бар. Осылайша ол екінші орыннан аустралиялық Даниэль Гилды ығыстырды. Ол қазір үшінші орында тұр. Ал Маклинге келер болсақ, ол нокаутпен жеңілген кездесуі салдарынан бірден 13-орынға сырғып кетті. Осыған дейін ол 8-орында болған еді. Рейтингтің көш басына атақты аргентиналық Серхио Мартинес жайғасқан.  

Осы тұста айта кету керек, көпшілік жанкүйер және бокс мамандары Головкин мен Мартинестің кездескендігін қалайтыны белгілі. Алайда аргентиналық әзірше жарақатынан емделу үстінде. Оның үстіне осыған дейін хабарлағанымыздай, Маклинмен болған кездесуден кейін оның промоутері өз боксшысына (Серхио Мартинес) Головкинге қарсы кездесуге шығуға кеңес бермейтінін де айта кеткен болатын.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: allboxing.ru