Маклин мен оның командасы Головкинді мойындады

Маклин мен оның командасы Головкинді мойындады

Британдық боксшы Мэттью Маклин қазақстандық Геннадий Головкинді осыған дейінгі кездескен қарсыластарының ішіндегі ең мықтысы деп мойындады, деп хабарлайды Vringe.com. 

"Головкин - барлық кездескен қарсыластарымның ішіндегі ең мықтысы. Ол кездесу басталысымен-ақ мені тырп еткізген жоқ. Ал оның маған жасаған жеңісті соққысы - корпусқа тиген хук тамаша орындалды. Оның алдында қалпағымды шешіп, басымды иемін, ол ұлы чемпион. Оның маған дарытқан барлық соққылары өте ауыр болды, мен оның әрқайсысын қатты сездім",-деді Маклин. 

Ал оның промоутері Лу Дибелла болса Головкинге "орта салмақтағы жыртқыш" деп баға берді: "Головкин - нағыз жыртқыш. Оның шеберлігі мен ойын тактикасы бізді қатты таң қалдырды. Сондықтан оны тек мойындауымыз керек. Бокс әлемінде жаңа жұлдыз дүниеге келді, ол - GGG". 

Сондай-ақ Дибелла орта салмақтағы қазіргі суперчемпион аргентиналық Серхио Мартинестің де промоутері екендігін айта кетейік. Соған байланысты ол Головкиннің Мартинеске қарсы болашақта өткізілуі мүмкін кездесуіне де ойын білдіріпті: "Мартинес рингке 14 ай үзілістен соң оралмақ. Бірақ ол бірден Гена жыртқышпен шығуы екі талай. Мен де өз тарапымнан оған Головкинге қарсы кездесу өткізудің қажет еместігін айтар едім",-деп ағынан жарылды Дибелла. 

Қазақстандық боксшы, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадай Головкин ендігі кездесуін тамыз немесе қыркүйек айында өткізбек. Әзірге оның қарсыласының кім болатыны белгісіз. Бұл туралы оның промоутері Том Леффлер хабардар етті. Бірақ, көпшілік оны ендігі кезекте тек үздіктердің үздігімен ғана кездесуі керек деп санайды. Головкин де осыған дейін орта салмақтағы кез-келген атақты боксшымен шаршы алаңға шығуға дайын екендігін айтқан болатын. 

Естеріңізге салсақ, бүгін 30-маусым күні Машантукетте өткен кездесуде Головкин британдық қарсыласына бауыр тұсынан дәл соққы бағыттап, оны үшінші раундта-ақ ауыр нокаутқа жіберген болатын. Бұл қазақстандық боксшының 27 кездесуіндегі, 27 жеңісі болса, Маклинде 34 кездесуде 29 жеңіс және бүгінгімен 5 жеңіліс.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: espndeportes.espn.go.com

Б. Қосмағамбет