Туған күніңмен, Лионель!

Туған күніңмен, Лионель!

Маусым айының жиырма төртінші жұлдызы өмірлерін футбол әлемімен тығыз байланыстырған атақты адамдарды дүниеге әкелген екен. Бүгінгі күннің сондай қожайындарының бірі - Лионель Месси.

Л. Мессидің қазіргі таңдағы атақ-дәрежесін, жеткен жетістігін тізіп айтып жату тым артық секілді. Оның футболсүйер қауым арасындағы мәртебесін Италия қорғаушысы Паоло Мальдини былай жеткізген екен: "Егер біреу футбол құдайы бар десе, оның аты Месси ме деп сұрар едім".

Иә, солай аладоптың патшасына айналған тұлғаны бүкіл әлем: еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін таниды. Оның талантына бәрі де тәнті. Оның шапшаң қимылы қақпаға бағыттаған жойқын соққыларын, сүрінбейінше доптан айырылмайтын ерекше қасиетін, алаңдағы мәдениеттілігін, жоқ жерден гол жасайтын сиқырын қалайша үлкен талант деп атамауға болады?

Л. Месси 1987 жылы 24 маусымда Росариода дүниеге келген. Әкесінің есімі – Хорхе Месси, анасының есімі – Силия Месси. Оның Родриго мен Матиас атты екі ағасы жене Мария Соль атты әпкесі бар. Месси футболды өз әкесінің Грандоли клубында 5 жасынан бастап ойнай бастайды. 1995 жылы Месси «Ньюэллз Олд Бойз» командасына ауыстырылады.

Футбол теңізінде енді ғана еркін жүзіп келе жатқан Лионельге 11 жасында соматотропин (өсу гармоны ) жетіспеушілігі диагнозы қойылады. «Ривер Плейт» командасы оған қызығушылық көрсеткенімен, оның емдеуіне жеткілікті қаражат табылмайды. Емделу үшін айына кететін қаражат – 900$ болды. Осындай қиын сәтте «Барселонаның» спорт директоры Карлес Рексач 13 жасынан көзіне түскен Мессидің ерекше дарынын мойындап, көмек қолын созуға бел буады. Ол клуб басшылығынан, Мессиді және оның отбасын Испанияға көшіріп әкелуі мен сырқатын емдеуге, қаражат бөлетін келісімге қол жеткізеді. Содан бері Месси «Барселонаның» жасөспірімдер құрамында ойнай бастайды. Ол өз ойын мәнерін жарқын жағынан бірден танытып, биіктерден көріне бастады. Орташа есеппен Месси командада әрбір ойын сайын 1 голдан соғып тұрды.

2003 жылдың 16 қарашасында Лионель Месси "Барселона" сапында ең алғаш рет Портуға қарсы жолдастық кездесуге шығады. Сол кезде «El Mundo» газетінің өзі жас дарынды футболшы туралы былай деп жазған: "Бұл тек әлемге әйгілі Марадонаның сол аяғын ғана емес, Кройфтің жылдамдығын және Роналдиньоның пас беру шеберлігін сіңірген жас футболшы". 

2004 жылдың 16 қазанында Лионель Месси бас команда сапындағы алғашқы ресми кездесуін өткізді. Л. Месси осылайша "Барселона" тарихындағы үшінші ең жас футболшы атанды, яғни оның жасы сол кезде 17 жаста болатын. 2005 мамырдың бірінші жұлдызында «Альбасете» қақпасына негізгі құрамдағы алғашқы допты енгізген сәтте, Лионельдің жасы 17 жыл 10 ай 7 күнді құрайтын. 2004 жылы 7 желтоқсанда Месси Чемпиондар Лигасында алғаш рет жасыл алаңға шықты.

Футболсүйер қауым "Қарға бойлы қаһарманның" одан кейінгі жетістіктерінің куәгері болып келеді.

"Алтын доптың" төрт дүркін иегері, Чемпиондар Лигасының төрт дүркін жеңімпазы, "Алтын бутсы" сыйлығын үш рет жеңіп алған, "Аргентина" және "Барселона" құрамасының шабуылшысы бүгін жиырма алтыншы жазын атап өткелі отыр. "Барселона шабуылшысы" Педро Родригес бір сөзінде "Месси сияқты футболшы басқа командада жоқ. Демек, өмірде де жоқ деген сөз" деген екен. Ендеше, әлемдегі дара футболшы, аргентиналық "сиқыршы жігітті" бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз!

Суреттер:s-market-football.blogspot.com,hdwallpaper2013.com,vk.com 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева