Шведованың "Алтын сеті" жылдың ең елеулі спорт оқиғаларының қатарына кірді

Шведованың "Алтын сеті" жылдың ең елеулі спорт оқиғаларының қатарына кірді

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова америкалық Sports Illustrated спорт журналы жасаған жылдың ең елеулі 112 оқиғасы қатарына кірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

25 жасар еліміздің теннисшісі осы тізімге өзінің жасаған "алтын сеті" арқасында кіріп отыр. Ол тізімде 87-орыннан көрінді. Естеріңізге салсақ, Шведова теннис тарихына "Уимблдон" турнирінің үшінші кезеңі аясында итальяндық Сара Эрраниді 6:0, 6:4 есебімен ұтқаннан кейін кірді. Нақтырақ айтсақ, матчтың бірінші сеті құрғақ есеппен аяқталған еді. 

Жалпы теннистегі "Алтын сет" дегеніміз ол ойыншының партияны қарсыласына бірде-бір ұпай бермей ұтып шығуы. Осындай оқиға теннис тарихында Шведоваға дейін тек 1983 жылы Дэлрей-Бич турнирінде Билл Скэнлон мен Маркос Ночевара арасында тіркелген екен (6:2, 6:0).

Биыл қазақстандық теннисші жылды WTA рейтингісінде 29-орынмен аяқтады. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: prosportkz.kz

Б. Қосмағамбет