"Алтын доп" алған француз футболшылары

"Алтын доп" алған француз футболшылары

Франция футбол таланттарына бай ел. Жасыл алаңдағы жарқын ойынымен талайды таңдандырған ойыншылары жетіп артылады. Бүгін Франциядан шыққан "Алтын доп" иегерлері жайлы айтпақпыз.

"Алтын доп" – әр футболшы арманындағы марапат. Оған мықтының мықтысы ғана қол жеткізе алады. Марапат 1956 жылдан бастап беріле бастады. Ұйымдастырушы да Францияның "France Football" спорттық басылымы.

Мәртебелі марапатқа ие болған француз футболшылары аз емес. Германия мен Италиядан (5 футболшы алған) кейінгі орында. Бразилия және Англиямен бір қатарда.

Ең алғаш "Алтын доп" алған франциялық футболшы – Раймон Копа. Ол 1958 жылы "Реал Мадридте" ойнап жүргенде бұл атаққа ие болды.

Футболшы 1931 жылы Францияға Польшадан келген иммигрант отбасында дүниеге келген. Алаңдағы мансабын оң қапталдағы шабуылшы позициясында бастаған. Кейіннен орталық шабуылшы орнына ауысқан.

1958 жылы Швецияда өткен әлем чемпионатында үздік өнер көрсетті. Франция құрамасы қола жүлдегер атанды. Осы жылы "Алтын допты" еншіледі.

Аяқтан алған жарақаты мен соған жасатқан ота салдарынан 1967 жылы футболшы мансабын аяқтады.

Раймон Копа 2017 жылы 85 жасында көз жұмды. Осы жылы толық жөндеуден өткен "Анже" командасы стадионына футболшы есімі берілді.

Үш бірдей "Алтын доп" алған жалғыз француз, ол – Мишель Платини. 1983-1985 жылдар аралығында оған тең келер ешкім болмады. 1984 жылы ұлттық құрама сапында Еуропа чемпионы атанды.

Мишель Платини 1955 жылы Францияның солтүстік-шығысындағы Жеф деген елдімекенде дүниеге келген. Спорттағы мансабын осы елдімекендегі командада бастаған. Кейіннен "Нанси", "Сент-Этьен" және "Ювентусте" доп тепті.

Бір рет Кувейт ұлттық құрамасында да ойнап көрген. 1988 жылы Платини футболдан Азия кубогының ашылуына құрметті қонақ болып барады. Ал онда Кувейт КСРО құрамасымен жолдастық ойын өткізетін болады. Кувейт әмірі ойынға қатысуға өтініш айтады. Футболшы сөзін жерге тастамай алаңда 20 минут ойнап шыққан. Ал FIFA бұл ойынды ресми есебіне тіркеген. Осылайша Платинидің Кувейт құрамасы жейдесін киген бір ойыны бар.

2007 жылы Мишель Платини UEFA президенті болып сайланды. 2015 жылы қызметіне байланысты дау-дамай шығып, футболдағы қызметтен 8 жылға шеттетілді. Кейіннен жаза мерзімі айтарлықтай қысқартылды. Қазір Халықаралық кәсіпқой футболшылар қауымдастығының (FIFPro) кеңесі құрамында.

Мишель Платини – France Football басылымы таңдауы бойынша ХХ ғасырдағы ең үздік француз футболшысы.

"Алтын доп" алған үшінші француз футболшысы – Жан-Пьер Папен. Бұл марапатқа 1991 жылы ие болды.

Ол 1988-1992 жылдар аралығында Франция чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Ұлттық құрама сапында 1986 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлде алған.

Мансабын 1970 жылы "Жемон" жастар командасында бастап, 2009 жылы Францияның төменгі дивизионындағы командалардың бірінде аяқтаған. Еуропадағы "Милан", "Бавария" және "Брюгге" клубтарында ойнаған. Францияның "Валансьен", "Олимпик Марсель", "Бордо" және "Генгам" клубтарында доп тепкен.

Қазіргі таңда Францияның төменгі дивизионындағы "С Шартр" әуесқой футбол командасын жаттықтырады.

1998 жылы Франция ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионы атанды. Өз елінде өткен жарыста топ жарды. Дәл осы жылы "Алтын доп" та француздық футболшыға бұйырды. Ол Зиннедин Зидан еді.

Танымал футболшының ата-анасы Францияға 1953 жылы Алжирден көшіп келген. Отбасының кенжесі.

1988 жылы кәсіби мансабын "Канн" командасында бастады. Кейіннен "Бордо", "Ювентус" және "Реал Мадридте" жарқын ойынымен жұрт назарында болды. Клубтық деңгейде айтарлықтай жетістік шыңын бағындырды.

Ұлттық құрамада ойнап әлем чемпионы (1998 ж), Еуропа чемпионы (2000 ж) атанды. 2006 жылы күміс жүлде алды. Дәл сол Италиямен болған финалдық ойында пенальтиден Буффон қақпасына гол соқты. Ал ойын аяқталар тұста Марко Матерацциді баспен ұрып, алаңнан қуылған сәті әлі жанкүйерлер есінен шықпаса керек. Осыдан кейін спорттағы мансабын аяқтады.

Зидан 2009 жылдан бастап "Реалда" қызмет атқара бастады. Команда президенті Флорентино Перестің көмекшісі болды. Одан кейін спорттық директор мандатын алды. 2012 жылы бұл қызметін жастар командасындағы жаттықтырушылыққа алмастырды. Нәтижесінде осы жолды таңдады.

2016 жылы Зидан "Реалдың" тізгінін ұстады. Үш маусым ішінде командамен зор жетістікке жетті. Чемпиондар лигасын 3 жыл қатарынан еншілеп, рекорд орнатты. 2018 жылдың мамырында қызметінен кетіп, 2019 жылдың наурызында қайта оралды. Қазір команданы жаттықтырып келеді.

Футболдан Франция құрамасы өз тарихында екі рет әлем чемпионы атанды. Бірінші рет Зидан ойнаған 1998 жылы болса, араға 20 жыл салып 2018 жылы Ресейде өткен доп додасында топ жарды.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар