Марат Жыланбаев – желмен жарысқан желаяқ

Дүниенің төрт бұрышын аузына қаратып, талай додада қоржынға сан жүлде салған спортшыларымыз аз емес. Дегенмен солардың ішінде желаяқ Марат Жыланбаевтың орны бөлек. Жер жаһанның түкпір-түкпірін жүгіріп өткен, қайталанбас рекордтар орнатқан желаяқ спортшымыз талай ерлігімен әлемді мойындатқан.

Марат Жыланбаев 1963 жылы сәуір айының 19 жұлдызында Қарағанды облысы, Фрунзе совхозында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбие алды. Бала Маратқа дәрігерлер жүгіруге болмайтынын ескертсе де, ол бойындағы күш-қуатын жинап, бірнеше жыл бойы тоқтамай жаттықты. Желаяқ өзі ойлап тапқан әдістер бойынша дайындалады. Ол әдеттегідей аптасына 65-70 шақырым емес, күніне 70-80 шақырым жүгіріп отырған. Осылайша Марат Жыланбаев күніне 5 шақырымнан арттырып отырып, нәтижелі көрсеткішке бір-ақ жылда жеткен.  

Қазақ топырағанда туып, осы топырақта тәй-тәй қадам басқан Марат Жыланбаев "Гиннестің рекордтар кітабына" жеті рет енген әлемдегі жалғыз марафоншы. Жер шарындағы ең ірі шөлдерді жүгіріп өту бойынша онымен теңесетін марафоншы әлі шыққан жоқ. 

Марат Жыланбаев 1990-1991 жылдар арасында 226 классикалық марафонға қатысқан. Сонымен бірге, сол жылы наурызда 23 күнде 23 марафон өткерген. 1991 жылдың жазында 15 күнде 30 марафонға қатысып, келер жылы Азия құрлығының ең ұзын шөлі Қарақұмды, 1993 жылы Африка құрлығының алпауыты Сахараны бағындырған. Осы жылы Аустралиядағы Үлкен Виктория шөлін жалғыз өзі жүгіріп өтті. 1994 жылы Америкадағы Невада шөлін бағындырып, "Гиннестің рекордтар кітабының" арнайы алқасын жеті рет мойнына таққан.

Гиннестің рекордтар кітабына енген 7 көрсеткіші:

- Бір жылда 42 шақырым 195 метр болатын 226 классикалық марафонды жүгіріп шықты; 

- 23 күнде 23 классикалық марафон жүгірді; 

- 15 күнде 30 классикалық марафонды орташа алғанда  4 сағат 54 секундта жүгірген. Бұл әлемдік рекордты әлі күнге ешкім жаңарта ал­ған жоқ.

- Қарақұмда 20 күнде 1200 шақырым жүгіріп өтті. Бұл әлемдегі марафоншылар арасындағы ең ұзақ қашықтық.

- Сахарадағы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 25 ақпан – 23 наурыз, 24 күннің ішінде 1700 шақырым); 

- Үлкен Викториядағы ең ұзақ жүгіріс (1993 жылғы 24 қараша – 15 желтоқсан, 22 күннің ішінде 1600 шақырым); 

- Невададағы ең ұзақ жү­гіріс (1994 жылғы 1–19 сәуір, 17 күннің ішінде 1218 шақырым).