Бір команда сапында ең көп гол соққан футболшылар

Лионель Месси футбол патшасы Пеленің рекордын жаңартты. Қандай рекорд дейсіз ғой? Бір команда сапында ең көп гол соққан футболшы... Бұл рекорд 1974 жылдан бері жаңармай келген еді. Жаңармақ түгіл, жақындамаған да еді.

Бір команда сапында көп гол салмақ түгіл, мансабын бір клубта өткізген футболшылардың өзі аз. Бірақ шын талант қанша уақыт ойнаса да топ жарары анық.

Пеле Бразилияның "Сантос" клубында 18 жыл ойнап, 643 гол соқты. Ал Месси "Барселона" сапындағы ресми алғашқы ойынын 2004 жылы 16 қазанда өткізді. Алғашқы голын 2005 жылдың 1 мамырында "Альбасете" командасы қақпасына соқты.  

Футбол патшасы 643 голды 757 ойында соқса, Месси 644 голды 749 ойында сәтті орындап шықты.  

Олай болса бір команда сапында ең көп гол соққан ойыншылардың ондығымен таныс бола отырыңыздар.

10. Криштиану Роналду – "Реал Мадрид" – 450 гол


Getty Images

Португалдық футболшы мадридтік командада 9 маусым ойнады. 438 ойында 450 гол соққан сұрмерген. Орта есеппен алғанда әр маусым сайын 50 голдан соғып отырған. Әзірге дейін ойнай бергенінде бұл нәтижесі жоғарылай түсері анық еді.

9. Эйсебио – "Бенфика" – 473 гол


football-pitch.ru

Эйсебио да Португалиядан шыққан танымал футболшы. Лиссабондық "Бенфика" сапында 15 маусым ойнаған. 440 ойында 473 гол соққан. "Алтын бутсы" және "Алтын доп" иегері.

8. Уве Зеллер – "Гамбург" – 507 гол


zen.yandex.ru

Туған жеріне туын тіккен талант. Гамбургте туып, жергілікті командада 19 маусым ойнаған. Мансабында 2 ғана жүлде алған. Есесіне қарсылас команда қақпасына гол соғудан саспаған. Футболшының соңғы қоштасу ойынына 62 мың жанкүйер келген. Жергілікті халықтың футболшыға деген құрметі болса керек?

7. Джимми Джонс – "Гленавон" – 517 гол


belfasttelegraph.co.uk

"Гленавон" - Солтүстік Ирландия елінің командасы. 20 мыңнан асар-аспас Лурган деген қалада құрылған. 1952 жылы осы ел чемпионатында чемпион болған. Араға 5 жыл сала тағы топ жарған. Команданың осындай жетістікке жетуіне себепкер болған бір ойыншы болса, ол – Джимми Джонс. Ерекше техникалық шеберлігі және жылдамдығының арқасында талайды таңдай қақтырған.

6. Джимми МакГрори – "Селтик" - 522 гол


fifa.com

ХХ ғасырдың бірінші жартысында доп тепкен талант иесі. 20-30 жылдары "Селтиктің" талай қарсыластарын сескендірген. Шотландиялық клуб тарихындағы үздік сұрмерген. Қазірге дейін бұл рекорд жаңармаған.

5. Йозеф Бицан – "Славия Прага" – 534 гол


ru.uefa.com

Суперфорвард спорттағы мансабын веналық команда сапында бастаған. Кейіннен Праганың "Славиясына" ауысқан. Бүкіл мансабындағы ресми ойындарда 805 гол соққан. Футбол тарихында ең көп гол соққан ойыншы. Қазір ол ресми голдар саны бойынша Пеле, Роналду мен Мессиден де жоғары тұр. Кейінгі екеуі бұл рекордты жаңартады сенеміз.

4. Фернанду Пейротеу – "Спортинг" – 544 гол


thesefootballtimes.co

Үздіктер ондығындағы үшінші португалдық. ХХ ғасырдың бел ортасында "Спортинг" сапында жасындай жарқылдаған талант. 12 маусым ойнаған. 31 жасында мансабын аяқтаған. 60 жасында жүрек дертінен көз жұмған.

"Спортинг" клубының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында "Жозе Алваладе" стадионы жанына футболшының ескерткіші қойылған.

3. Герд Мюллер – "Бавария" – 566 гол


WikiBall

Мюнхендік клубтың аңыз ойыншысы. Жалпы футбол тарихындағы даңқты тұлға.

2. Пеле – "Сантос" – 643 гол


interesnyefakty.org

Футбол патшасы "Сантос" сапында 1956-1974 жылдар аралығында ойнады. Оның рекорды жарты ғасырдан бері жаңармай келген еді. Енді екінші орынға сырғыды.

1. Месси – "Барселона" - 644 гол


foot.life

Аргентиналық футболшы өзге клубқа ауысуы мүмкін деген сыбыстар жазғы трансфер кезінде желдей есті. Бірақ Месси каталондық клубтан кеткен жоқ. Егер ауысқан жағдайда бұл рекорд жаңармас та еді.

Команда көшбасшысы кету жайлы ойланып та көрген. Ойлана, ойлана қалуды ұйғарған. "Клуб үшін қиын кезеңдер болады, бірақ мен соңына дейін күресемін" деген-ді бір сұхбатында. Месси каталондық клуб жанкүйерлерін әлі талай қуантарына сенеміз.