Футбол тарихындағы даңқты ойыншылар

Футбол тарихындағы ең үздік ойыншылар. Бұл спорт түрінде бірінен-бірі асқан талантты тұлғалар көп. Десе де үздіктердің үздігін France Football басылымы іріктеп шығыпты. Қалай дейсіз ғой? Оп-оңай... сауалнама арқылы.

France Football – футболдағы беделді басылым. "Алтын доп" иегерін анықтағанынан-ақ бағамдай берсеңіз болады. Ал үздіктердің үздігін де 140 елдің журналисінен сауалнама алу арқылы анықтап шыққан. Сонымен футбол тарихындағы даңқты ойыншылар кімдер?

Басылым үздіктерді 3-4-3 жүйесі (жасыл алаңда футболшылардың орналасуы) бойынша анықтаған.

Үздік қақпашы – Лев Яшин. Ол "Динамо" клубы мен КСРО құрамында ойнаған. "Алтын допты" алған жалғыз голкипер.

Сол қанаттағы үздік қорғаушы – Паоло Мальдини (Италия).

Үздік орталық қорғаушы – Франц Беккенбауэр (ГФР).

Оң қанаттағы үздік қорғаушы – Кафу (Бразилия).

Шабуылға көмектесетін үздік жартылай қорғаушылар тізіміне Диего Марадона (Аргентина) мен Пеле (Бразилия) енген. Ал қорғанысқа көбірек көңіл бөлетін жартылай қорғаушылар марапатын Хави (Испания) мен Лотар Маттеус (ГФР) алған.

Сол қанаттағы ең үздік шабуылшы – Криштиану Роналду (Португалия)

Оң қанаттағы ең үздік шабуылшы – Лионель Месси (Аргентина)

Үздік орталық шабуылшы – Роналдо (Бразилия)

Басылым мұнымен қоса үздіктердің екінші және үшінші құрамын да жариялады. Оны twitter парақшасынан көруге болады. 

Жоғарыдағы үздіктер құрамына келіспейтіндер де көп. Мәселен, UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов тізімді көріп, Хавидің орнына Зиннедин Зиданды, Беккенбауэр орнына Серхио Рамосты қойған болар едім деп жазған. 

Ал Сіз бұл құрамнан кімді алып, кімді қосар едіңіз?