Су добының саңлағы

Қазақ спорты тарихында су добынан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, сонар биікке шыға білген спортшылар саусақпен санарлық қана. Солардың бірі, әрі бірегейі – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Асқар Оразалинов. Асқардың су добы спортында жеткен жетістіктері бір түйеге жүк артқандай.

"Қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады" - деген жақсы бір айтылған сөз бар. Ол енді жақсының жақсы болуы тегіне де қатысы бар деген мағына берсе керек. Негізі ғалымдардың пайымдауынша,  сол тектіліктің түбі адамның генетикалық түп-тамырына тікелей байланысы бар деп айтады. Келісуге себеп жетерлік. Иә, бұл үлкен ғылыми мәселе екені белгілі. Дегенмен де адам баласының жақсы жағынан қарағандағы мінез-құлқы, түр-түсі, батырлығы, адамгершілігі, адалдығы тағысын тағы түрлі ерекше қасиеттері сол бабаларынан жалғасып келе беретін секілді. Бұл айтып отырған сөзіме бір мысалды келтірудің жөні түсіп отыр. Келтіріп кетер дәлелім – су добының саңлағы Асқар Оразалинов болмақ.

Асқардың бойында бабаларынан қалған қайсарлық, батырлық, адалдық деген айрықша қасиеттер қалыптасқан азамат. Әкесі Сабалақ Оразалинов Ұлы Отан соғысы кезінде фашистердің тоқтаусыз атқылап қызыл әскерлерді шыбындай қырып жатқан айдаhардың аузындай дзотын кеудесімен жауып, ерлік көрсеткен екен. Ол кісі өз естелігінде былай деп жазады; "Мен атқылап жатқан дзотқа қарай соңғы күшімді жинап жүгірдім, құлағымның түбінен зуылдаған оқтардың дыбысын естідім. Бар күшімді жиып қолымдағы жарылғышты лақтырдым да дзотты кеудеммен барып жауып құладым. Содан кейін не болғаны есімде жоқ. Барлығы мені өлдіге санаса керек. Көрер жарығым бар екен. Арада 15 күн өткенде барып, бірақ есімді жидым" деп жазады.

Сабалақ атамыз соғыстан кейінгі ауыр жылдары 7 баласын елден кем қылмай асырап, теміржол саласында зейнетке шыққанша ерен еңбек еткен. Ерлігі Александр Матросовтан кем емес. Тек айырмасы Александр Матросов Совет Одағының батыры да, ал біздің атамыз ол марапатқа лайық деп таппаған екен. Әрине сол кездегі орыстардың батыр тек орыс халқынан болуы керек деген шовинистік ойлары да болуы әбден мүмкін. Әйтпесе Бауыржандай хас батырдың ерлігін біле тұра қаншама рет батыр атағын бермеудің амалдарын қарастырып шеттетіп келген ғой. Ақыры Бауыржан Момышұлы атамыз дүниеден озғаннан кейін,еліміз егемендік алғаннан кейін барып, бірақ батыр атағы берілді. Көзі тірісінде бермеген сол кездегі қисық-қыңыр саясатқа қалай ғана күйінбейсің? Сабалақ атамызға да сол батыр атағы солай берілмей қалған.

Иә, уақыт өз батырын өзі тауып тарих бетіне шығарды. Сабалақ атамыздың бел баласы Асқар Оразалинов бейбіт өмір кезінде дүниеге келіп, спорт саласында толағай табысқа қол жеткізген нағыз жеңімпаз. Су добынан Кеңестер Одағы құрамасының сапында ойнаған қазақтың талантты ұлы.

Асқарды әкесі 12 жасында Оқушылар сарайындағы су спорты үйірмесіне алып келеді. Алғашында жүзу үшін жасөпірімдерге берілетін талаптарды орындай алмай қалады. Келесі күні қайта барғанда,сол жерде балаларды су спортына қабылдап алып жатқан бапкердің назарына түсіп, бірден үйірмеге алынады. Осылайша бозбала Асқар өзінің көңілі қалаған спорты су добына 1973 жылы бозбала шағында келіп, алдымен Валерий Александрович Иншаковтың, сосын Л.Смолеевтың қарамағында жаттығуын шыңдап алға қойған мақсаттарына біртіндеп жете бастайды. Жарыс сайын ширыға түскен талантты жас сол кездегі аты дүркіреп тұрған "Динамо" командасына келуі оңайға соқпаса керек. Ол кезде "Динамоның" дүбірі Кеңес одағы көлеміне шығып тұрған кез. Жасөспірімдер арасында тамаша жетістікке жеткен жалынды жасты командаға алмау мүмкін емес еді. Асқар өзін талантты ойыншы ғана емес алдыңғы буынды атақты ағаларының алдында өзін төмен көрсетпеу үшін бар шеберлігін аямай тартысты ойын көрсете бастайды.

Команда бір бүтін ағза секілді екені анық. Команданың негізі бөлшегі болу үшін жанын салып жаттығыу арқылы өзін мойындата білген. Нидерланд елінде 1980 жыл өткен Еуропа чемпионатында тамаша өнер көр көрсеткені үшін "Динамо" командасының негізі ойыншысы атанып қана қоймай, сол жылы КСРО құрама командасының сапына үздіксіз еніп отырады.

Асқар командалық деңгейде екі мәрте,  яғни, 1981-1982 жылдары КСРО чемпионатының чемпионы атағын жеңіп алса, 1984-1986 күміс жүлдегер,1980,1983,1985,1987,1988 жылдары айтулы Кеңестер Одағы чемпионатының қола жүлделерін жеңіп алған. Алғашында алматылық командаға мұрын шүйіріп қараған Одақтың белді командалары бара-келе Кеңестер Одағының құрамасына қарсы спарринг қарсылас ретінде шақырып жаттығу жасаған екен. Сол кезде өзінің жеке су алабы жоқ команданың осындай Кеңестер Одағының марқасқа командаларын тізе бүктіріп, өздеріне құрметпен қарауына мәжбүр етуі ерлікпен пара-пар еді.

Асқар Кеңестер Одағы құрамасының сапында Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына аттануына аз уақыт қалғанда, Алматыда өткен сол 1986 жылдағы желтоқсан оқиғасына қатысты командадан шеттетіп тастайды. Иә, жұлдызы жарқырай түскен таланттың алдын орап, оның орнына басқа өз адамдарын құрамаға кіргізуіне олар үшін зор мүмкіндік ашылса керек. Дегенмен де "алтын күлдің арасында жатса да жылтырап жатады" демекші, су добының саңлағы 1980-1989 жылдары Кеңестер Одағының ең үздік ойыншысы атағына ие болған екен.

Асқар бойы биік, иықты, денелі болмаса да табиғи талантты ойыншы екенінде дау жоқ еді. Мысалы, су ішінде өзін бейнебір балықтай сезіне отырып, атанжілікті қарсыластарын әбжіл қимылмен алдап өтіп пас беріп, не болмаса қақпаға соғатын доптары міндетті түрде нәтижесін беріп отырған. Асқардың өзі осындай хас шеберліктің қайдан келгені туралы сұрасаң;

"Алланың берген маған сыйы шығар, осы спорт түрінде бар шеберліктерді аша білуге мүмкіндік берген", - деп айтып қояды. Иә, расымен де солай шығар. Өйткені су добының сұңғыла спортшысы, Олимпиада чемпионы Сергей Котенко: "Мен осы спортта үлкен нәтижемен шыңына жетсем де, кей кезде Асқар жасайтын кейбір айла-тәсілдерді жасай алмаймын" деп таңғалған екен.

Асқар 1985 жылы Қазақтың Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт иниститутын тәмамдап, жоғары білімін шыңдап алады. Сонымен қатар дарынды спортшы 1982 жылы КСРО кубогінің иегері атанған. Ал әлемдік деңгейде КСРО құрамасының сапында 1985 жылы ересектер арасында Еуропа чемпионы атанса, жастар арасында 1980 жылы Еуропа чемпионатының күміс медаліне қол жеткізген құзар биігі болып саналады. Осы алған жүлделерге 1983-1985 жылдары Универсиада ойындарында алтын медальдарын қосуға болады. Сонымен қатар жеңіс үшін жанын салатын, қазақтың намысты қайсар ұлының Азия аймағында жеңіп алған алтындарын айта кеткен орынды болар. Мысалы, 1995 жылы Азия чемпионы болып жеңіс тұғырына көтерілсе, 1994, 1998, 2002 жылдары Азия ойындарының чемпионы болып танылады.

Әр спортшының асқар арманы, ол, әрине Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатын жеңіп алу екені белгілі. Асқар 2000 жылы ұлттық құрамамен Аталанта Олимпиадасында бағын сынау құрметіне ие болса, 1994-1998 жылы әлем чемпионаттарына қатысып ел намысын қорғаған спортшы. Кезінде Асқардың су добының хас шеберлігіне тәнті болған шетелдік мамандар өз командаларынан қазақтың талантты спортшысын көру жолында жұмыс жасаған екен. Айталық, дарынды вотерполшы Венгрия, Нидерланд және Испанияның мемлекеттерінің белді клубтарының қатарында ойын көрсетіп, тамаша жетістіктерге жеткен. Су добынан Еуропаның маңдайалды командаларында ойын көрсетіп, әбден тәжірибесі толыққан шағында елге оралып, Ұлттық құрама командамыздың сапында су добынан Азия өңірінің үздіктері қатарынан көрінеді. Бапкерлік қырынан да су добының сүлейі толағай табыстарымен елді қуанта білген. Айталық, Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған 2000-2008 жылдары Қазақстан ватерполшылары Азия аймағында салтанат құрғаны белгілі. Еліміздегі су добының дамуына қосқан үлесі үшін Асқар Сабалақұлы 2002 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. "Батырдан батыр туар" демекші, әкесі Сабалақ соғыс кезінде оқ бораған дзотты кеудесімен жауып батырлық істесе,туған ұлы, дарынды спортшы Асқар бейбіт өмірде үлкен спортта артына сара жол сала білді.

Бүкіләлемдегі Мұсылман мемлекеттерінің Сауд Арабиясында өткен Ислам ойындарына барған сапардан естелік

Меккеде әлемдегі 53 мұсылман мемлекеттің аламан ойындарының ашылуы болды. Бұл аламан жарыс спорттың 15 түрінен Жедда , Мекке, Мәдина, Тайф секілді қалаларында жалауын көтерді. Осылайша әлемдік деңгейде бас қосқан мұсылман мемлекеттерінің дүбірлі ойындарына барып қайтқан едік.

Жарыс басталғаннан бастап қазақстандық спортшылардың қарқыны жоғары болды. Спорттың әр түрінен барлық спорт алаңдарында өтіп жатқан сындарда еліміздің намысын қорғаған саңлақтарымыз барын салып жүлделі орындарды ешкіммен бөліспеуге тырысты. Әсіресе, су добынан Қазақстан құрамасын осы елге бастап келген, су добының аты әйгілі маманы, ардагер спортшы Асқар Оразалиновтың командасы ең азулы команданың бірі Иранды 5:3 есебімен жеңген екен. Гол соққан сұрмергендердің төртеуі де қазақ жігіттері. Осындай бір сүйінші хабарды естіп, көңіліміз біраз көтеріліп қалды. Қазақ бауырларымыздың жеңісті қадамдарына әбден риза болдық. Асқар мырзаға өткен Олимпиада ойындары аяқталғанда бір жолыққаным бар. Сонда "Асеке, қазақ жігіттерін өзің сияқты неге су добына тартпайсың" деп, бір жағына өкіне отырып, өтініш айтқаным бар еді. Сол олқылықты Асқар бауырымыз ескерген екен. Сауд Арабиясына алып келген командасының жартысынан көбін қазақ жігіттерінен жинап алып келіпті. Көңіліміз марқайып, қуанып қалдық. Медаль алмаса да су бетінде шаштары қарайып допқа таласып жүрген қазақ жігіттерін көру мен үшін зор қуаныштың бірі еді. Жігіттер жарады. Олар қатысу үшін ғана емес, жоғары орыннан үмітті екенін айқын да шебер ойындарымен көрсете бастады. Сондықтан да жүректің түбінен үміт оты қылау бергені анық.

Су добынан Асқар Оразалинов бастаған еліміздің жастар құрамасын Әзербайжан командасы күтіп тұрды. Білек күші бұлқынып, жүректері жалын атқан, ер намысты жігіттеріміз Әзірбайжандары 10-3 есебімен ойсырата жеңді. Гол соққандардың ішінде Асқар Озалиновтың ұлы мен інісі және Рүстем Үкіманов, Әділ Темірханов сынды су добында жұлдыздары жанып келе жатқан жас қазақ жігіттері бар еді. Келесі күні қазақстандықтарды осы Ислам ойындарына келген командалардың ішіндегі ең салмағы зор сақасы Египет құрамасымен кездесетін болды. Иә, мысырлықтар оңай алынар қамал емес. Біздің жігіттерге жақсы бір тактикалық ойын үлгісін Асқар бауырымыз жасап шығатынына сеніміміз зор еді. Осылайша көңілді көңіл-күймен жатар жайымызға оралдық.

Сонымен кешкісін Қазақстан құрамасы азуын айға білген мысырлықтарға қарсы ойынға шықты. Египет құрамасының ойыншылары орта жастары 25-33 аралығы болса, біздің команда 18-19 аралығындағы өрімтал жастармен жасақталған еді. Жанкешті басталған ойынның алдыңғы кезеңі 8:8 есебімен тең аяқталса, екінші кезеңде дәл сондай есеппен шегіне жетті. Кездесудің шешуші кезеңінде тәжірбиелі жоғары Египет ойыншылары бір бас жоғары ойын көрсетіп, 9:8 есеп айырмасымен жеңісті жұлып әкетті. Дегенмен де команда құрамында барын салған 5 бірдей қазақтың жалынды жас жігіттердің ойын өнеріне әбден тәнті болдық.

Сонымен су добынан өткен жарыс қортындысында Қазақстан құрамасы жүлделі күміс жүлдеге ие болса, бас жүлдені Египет, қола жүлдені Сауд Арабия құрамасы иеленді.

Жалпы қазақстандықтар айтулы әлемдік деңгейдегі байрақты жарыста жаман өнер көрсеткен жоқ. Мысалы, су спортының өзінде 13 алтын медальді жеңген жастарымызға алғысымыз шексіз болғаны анық. Ол деген - ел спортындағы үлкен жетістіктің бірі деп бағалаймын. Хош, сонымен қасиетті жермен қимай қоштасып, туған елге атанып кеттік.

Иә, бұл сол Сауд Арабиясында өткен бүкіләлемдік Ислам ойындарына су добынан Асқар Оразалинов бастап барған Қазақстан құрамасының тарихи жеңісі деп айтар едім. Барды бағалай білген орынды болар. Бүгінде сол Асқардай асыл азаматты ұлттық құрамаға қайта шақырып, әлі де болса толағай табыстарын көрер едік. Бірақ біздің спорттың құлағын ұстағандар айбынды, ардагер спортшыларға мұқтаж емес секілді. Сол жағы өкінішті...

Тәжірибелі ардагер мамандарды шеттетпей, керісінше, кеңесші ретінде болса да ұлттық құрамаларға алса, олардың айтары да жастарға үйретері де әлі жетерлік деп білемін. Асқар Сергей Котенко, Меңдіғалиевтер секілді су добынан "Динамо" құрамында шоқ жұлдыздардан жасақталған әйгілі жандармен иық тіресе өнер көрсеткен талантты тұлғаның бай ойын тәжірбиесіне су добынан Ұлттық құрама командасы әлі де зәру екенін ұмытып кетпеген жөн шығар.

"Айта, айта Алтайды..." демекші, осы спорттың жілік майын шаққан аты көпке танымал, әйгілі су добының саңлағы Асқар Оразалинов бүгінде бұл спортты тастап, биатлон спортына ауысып кеткен екен. Бұған не себеп болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Әйгілі маман қайда жүрсе де жүрегі мен жаны су добы спортының қазіргі жағдайына қатты ауыратынын айтады. Қазіргі су добының тоқырауды басынан өткізіп отырғаны кімге де болса өтірік емес екендігін білеміз. Қолдан келер шама жоқ.

Иә, Қазақстанда су добы спортын дамыту үшін, Еуропа елдеріндегідей кешенді спорт базалар көп болуы керек. Қазір Алматыдағы бірді-екілі стандартқа сай су добы кешендері ғана орын алған. Әрине, 2 млн астам халқы бар Оңтүстік астанамызға бұлі әрине теңізге тамған тамшыдай аздық етері анық. Болашақта Асқардай су добының сайыпқыраны атанған қазақ жастарын көргіміз келсе, алдымен практика-методикалық жаттығуларын шыңдайтын халықаралық деңгейдегі кешенді су добы базаларын салуымыз керек. Сонымен қатар қазір қалаларда дүбірлетіп су су добынан Қазақстан біріншілігінің кескілескен кездесулері өтіп жатқанын естімейтін болдық. Бұл спортқа насихат жетіспейтіні өкінішті. Бұқаралық түрде осы спортпен айналсуға жол ашатын бір механизм әзірге табылмайтын тұр.

Олимпада, әлем жарыстарына қатысу үшін елдегі су спорты инфроқұрылымына қолдау жасаудан кеш қалмасақ екен. Әйтпесе, сол Кеңестер Одағы кезіндегі алматылық "Динамо" командасының толағай табысын сағына еске алумен ғана бірсыдырғы қалыппен күніміз өтіп, таңымыз атып отыруы әбден мүмкін. Жарқын болашаққа жақсы көзқараспен қарасақ жемісін көретінімізге сөз жоқ.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ