33 жасқа толған Мессидің 33 рекорды

33 жасқа толған Мессидің 33 рекорды
Фото: uefa.com

Бүгін танымал футболшы Лионель Месси 33 жасқа толды. Аргентиналық сұрмерген спорттағы мансабында адам таңданарлық жетістіктерге жетіп үлгерді. Бүгін солардың ішінде рекордтары жайлы айта кетпекпіз.

Мессидің "Барселона" командасы және Аргентина ұлттық құрамасы сапында жасаған рекордтары жетіп артылады. Жеке ойыншы ретіндегі жетістігі бір төбе.

1. "Алтын допты" 6 рет алған

Футболшыларға берілетін ең мәртебелі сыйлықтың бірі – "Алтын доп". Дәл осы сыйлықты 6 рет (2 рет France Football, 4 рет FIFA таңдауымен) алған жалғыз ойыншы, ол – Месси.

2. "Алтын бутсыны" да 6 рет иеленген

UEFA құрамына кіретін ел чемпионаттарындағы ең үздік сұрмергенге берілетін сыйды аргентиналық футболшы 6 рет алып, алдына жан салмай келеді.

3. Аргентина ұлттық құрамасының ең үздік сұрмергені

Аргентинадан талай мықты футболшылар шыққан. Қазір де талай дүлдүлі бар. Құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген, ол – Месси. Жастар сапындағы ойынын қоспағанда 70 гол соққан.

4. "Барселона" тарихындағы ең үздік сұрмерген

Месси – каталондық клуб тарихында қалатын ойыншы. Одан асқан сұрмерген жоқ. Қазір оның "Барселонадағы" соққан голдарының саны 629-ға жетті.

5. Испания чемпионаты тарихындағы ең үздік сұрмерген

Аргентиналық ойыншы Испания чемпионатында 440 гол соққан. Бұл межені жақын арада жаңартатын ойыншы жоқтың қасы.

6. "Эль класикода" одан оза шапқан ешкім жоқ

"Барселона" мен "Реал" текетіресі әммеге аян. Әлем бұл ойынды "Эль класико" деп біледі. Дәл осы екі команда арасындағы текетіресте ең көп гол соққан ойыншы, осы – Месси. 26 рет мадридтік команда қақпасы торында доп тулатқан.

7. Ең көп жүлде алған аргентиналық футболшы

Месси 35 жүлде жеңіп алған аргентиналық жалғыз ойыншы.

8. "Барселона" сапында ең көп жүлде алған ойыншы

Каталондық клуб сапында Месси 34 жүлдеге қол жеткізген.

9. Бір маусымда ең көп гол соққан футболшы

2012 жылы Лионель ерекше ойынымен жанкүйерлерін таңдандырды. Сол маусымда 91 гол (ұлттық құраманы қоса алғанда) соқты.

10. Чемпиондар лигасында 50 және 100 гол соққан ең жас ойыншы

Месси Чемпиондар лигасында ең көп гол соққан футболшы болмаса да, 50 және 100 гол соққан ең жас ойыншы рекордына ие.

11. Чемпиондар лигасын 4 рет ұтқан ең жас футболшы

28 жасқа дейін (нақтырақ айтсақ, 27 жас, 347 күн) Чемпиондар лигасын 4 рет ұтып алды.

12. Испанияда бір клуб сапында 600-ден асық гол соққан жалғыз ойыншы

Месси мансабында әлі клуб ауыстырып көрген жоқ. Талай алып-қашпа әңгімелер айтылғанмен, ешқайда ауыспады. Қазір оның каталондық клуб сапында соққан голдарының саны – 629 (24.06.2020).

13. Испания футболы тарихында ең көп хет-трик жасаған

Аргентиналық футболшы Испания ла лигасы тарихында қалатын тұлға. Ол Испаниядағы барлық жарысты қоса алғанда 47 рет хет-трик (бір ойында 3 гол соғу) жасаған.

14. "Барселонаның" еурокубокта ең көп гол соққан ойыншысы

Месси каталондық клубпен еурокубок ойындарында 117 гол соққан.

15. Испанияда легионерлер арасында ең көп ойын өткізген

Танымал футболшы ла лигадағы легионерлер арасында ең көп ойынға қатысқан. Ойындар саны – 476.

16. Месси Испанияда 37 команда қақпасына гол соққан

17. Өз алаңында ең көп гол соққан

Испания чемпионаты тарихында өз алаңында ең көп гол соққан да – Месси. Футболшы "Барселона" алаңында 257 рет қарсылас қақпасына доп енгізген.

18. Сырт алаңда да ең көп гол соққан ойыншы

Месси Испанияда қонаққа барған ойындарында 183 гол соққан.

19. Испания чемпионатында бір маусымда ең көп гол соққан

2011/2012 жылғы маусымда Месси ла лигада 50 гол соғып рекорд орнатты.

20. 111 рет дубль жасаған

Месси Испания чемпионатында 111 рет дубль (бір ойында 2 гол соғу) жасаған ойыншы рекордына да ие.

21. Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі бір ойында 5 гол соққан жалғыз ойыншы

2012 жылы Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы қарымта ойында "Барселона" Леверкузеннің "Байер" клубын 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Сол ойында Месси пента-трик жасады.

22. Клубтар арасындағы әлем чемпионатының үш бірдей финалында гол соққан жалғыз ойыншы

23. Испания Суперкубогы тарихындағы үздік сұрмерген

Месси бұл ойындарда барлығы 14 гол соққан.

24. Әлем чемпионатында Аргентина құрамасы сапында гол соққан ең жас ойыншы

Месси Аргентина құрамасы сапындағы әлем чемпионатындағы алғашқы 2006 жылы Сербия және Черногория құрамасы қақпасына соқты. Ол кезде шабуылшы 19 жасқа толмаған (18 жас, 357 күн) еді.

25. "Барселонада" бір маусымда (2011/2012) 10 хет-трик жасаған ойыншы рекордына ие

26. "Эль класикода" екі рет хет-трик жасаған ойыншы

27. Испанияда бір маусымда (2012/2013) барлық команда қақпасына гол соққан жалғыз ойыншы

28. Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде покер жасаған алғашқы ойыншы

2009/2010 жылғы маусымда Месси "Арсеналға" қарсы ширек финалдағы ойында 4 гол соқты.

29. "Алтын бутсы" рейтингі бойынша (2012 жылы) 100 ұпай жинаған жалғыз ойыншы

30. Әлем чемпионатының Оңтүстік Америкадағы іріктеу кезеңінде ең көп гол соққан (21 гол) футболшы

31. Аргентина құрамасы сапында бір әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде (2011-2013) ең көп гол соққан (10 гол) ойыншы

32. Испанияда легионерлер арасында ең көп жүлде (10 чемпиондық атақ) футболшы

33. "Эль класикода" гол соққан ең жас (19 жас, 259 күн) шетелдік ойыншы.

Н. Үсенова