Қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан тұлға өмірден өтті

Бүгін  бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО спорт шебері, Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) бұрынғы вице-президенті, Қазақстан бокс федерациясының және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болған Бекет Сапабекұлы Махмұтов 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Бекет Махмұтов 1939 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Өмірінің басым бөлігін бокс және дзюдо спортының дамуына арнады. 1993-2000 жылдарда еліміздің бокс федерациясына жетекшілік етті. Бұл кезеңде қазақстандық былғары қолғап шеберлері үш Олимпиадада тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрінді.

1996-2006 жылдарда Халықаралық бокс федерациясында (AIBA) вице-президент қызметін атқарды. Сондай-ақ 2009 жылдан бастап еліміздің дзюдо федерациясына жетекшілік жасап, оны жоғары деңгейге көтеруге күш салды.

1999 жылы "Құрмет" орденімен марапатталса, 2000 жылы "Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері" атағын алды, 2004 жылы "Парасат" орденіне лайықты деп танылды. Ол сонымен бірге Халықаралық бокс ассоциациясының құрмет және Халықаралық дзюдо федерациясының әлем спортының осы түріне қосқан қомақты үлесі үшін ордендерімен марапатталған.