Қайқаустың өнегесі – Қабуснамада

Қайқаустың өнегесі – Қабуснамада
Фото: www.pinterest.fr

Қайқаустың адам бойында болуы тиіс асыл қасиеттер мен аулақ жүруге жетелейтін жағымсыз жайттар жайлы айтып кеткен өсиетін назарларыңызға ұсынамыз.

Қайқаус (Кей-Кавус) жайында бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан сөз басында ол жайында аздаған мағлұмат беріп өтсек. Қайқаус — парсы жазушысы және «Қабуснаманың» авторы. Ол Каспий теңiзiнiң оңтүстiк жағалауында мекендейтiн Гилан ру-тайпасының ұсақ феодал отбасынсында (1021-1022 жылдарда) дүниеге келедi. «Қабуснама» — 1082-1083 жылдар iшiнде жазылған аса бағалы педагогикалық мәнi бар туынды және оны Кайқаус 63 жасында өзiнiң ұлы Гиланшахқа арнап жазады. Өзiнiң қартайғанын баяндай келiп: «Мeнің дүниедегi жиып-терген ең қымбат асыл заттарым — саған арнап жазған осы үгiт-насихат кiтабым», — дейдi.

Кайқаус «Қабуснаманы» жазар алдында өзiнен бұрын өткен ғалымдар мен зиялылардың шығармаларымен кеңiнен танысады. Өткен дәуiрде жазылған педагогикалық шығармаларды оқып шығады, өз дәуiрiндегi мәдени орталығы бар мемлекеттермен танысады. Бұхар, Самарқанд, Хорезм өлкесiнде болып және ол жердегi ғалымдармен сұхбаттасып, олардң ғылыми-тәрбиелiк пiкiрлерiнiң жиынтық айнасындай «Саһодатнама» және «Рушнойнама» шығармаларына назарын ерекше аударады. Сондықтан да «Қабуснама» тәлiм-тәрбиелiк мәнi жағынан ХI ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихында аса құнды шығармалар қатарынан орын алды.

• Барлық ілімді жігіттік шағыңда оқып-біл. Өсиет, ақылды ойыңда сақта, қартайған соң ақыл, өсиет, үгіт-насихатты тыңдаудың қажеті аз. Өйткені көпті көрген қарттардың көп жағдайдан хабары болғандықтан, ондай үгіт-насихатты қажет етпейді.

• Егер де сенің көңіліңде қайғың немесе қуанышың болса, оны сол қайғы мен қуанышыңа серік болатын адамға ғана айтуыңа болады.

• Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Әр нәрсеге таңданып таңырқама, өйткені таңдану жас балаға жарасады. Есті жан қайғымен аяқталатын қуанышты қуаныш демейді, қуанышпен аяқталатын қайғыны қайғы екен демейді.

• Үмітсіздіктен сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе.

• Біреудің істеген ісін зая кетірме, еңбегіне қарай ақысын төле.

• Жақсылықты ең алдымен өз жақыныңа істей біл. Қарт-қарияларыңа ізет, құрмет көрсетіп, сыйла. Бірақ сен олардың құрсаулы құлы болмай, жақсылығымен қатар кемшілігн де көре біл.

• Егер өзіңе сырттан төнген қауіп-қатерді сезсең, одан жедел құтылудың қамына кіріс. Айналаңа күмәндана көз тікпе. Жайшылықты қауіпті жағдай деп есептеме.

• Сократ хәкім «Өнерден жақсы нәрсе, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаншақтықтан асқан дұшпан жоқ» деген екен. Әрбір сәтті бос өткізбей, тиімді пайдаланған жағдайда ғана өнерді үйренесің. Өнер үйренетін дана табылмаса, наданнан үйрен. Ол үшін әрдайым көңілдің көзі, ақылдың айнасымен наданның істеген істерін көріп, оның жаман, жағымсыз істерінен бойыңды аулақ сақтауың керек.

• Денеңді өзіңе бой ұсындыр және бұйрығыңды бұлжытпай орындауға көндір. Әрбір адам өз денесін өзі билей алса, өзгені де бағындыра алады. Кімде-кім өзін-өзі билеп, ілім мен өнер үйренген жағдайда ғана баянды бақытқа қолы жетеді.

• Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял, тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан ұялма. Кейбір адамдар ұяламын деп ойлаған мақсатын орындай алмайды. Ұят – иманның жемісі дегендей, жарлылық та ұялшақтықтың жемісі. Сондықтан да қай жерде ұялып, қай жерде ұялмауды білгенің жөн, қайсысы жақсы болса, соны істеу қажет. Негізінде жақсылықтың бастапқы шарты – ар-ұятты сақтауда, жамандықтың бастапқы шарты – ар-ұяттан айырылуда.

• Атағы бар жақсылармен әңгімелескейсің. Жақсылармен бір жүрсең, жақсы атың шығар, өзіңнің мінсіз қызметіңмен ғалымдардың сүйіктісі болғайсың. Құмарлықтың құрбаны, ақымақтың ашынасы, қулардың құлы болма.

Н. Үсенова