Михаэль Шумахер: қаржылық жағдайы, мансабы, комадан шығуы туралы

Михаэль Шумахер: қаржылық жағдайы, мансабы, комадан шығуы туралы
Фото: mtvuutiset.f

Михаэль Шумахер – бұл есім спорттан хабарсыз адамдарға да жақсы таныс. Себебі, көлікті құйындатып жүргізетіндерді, жақсы тізгіндейтіндерді ел арасында “Шумахер екен” деп жатады. Шумахер – есімі терминге айналған ұлы спортшы, Формула 1 жарысының автошабандозы, әлемнің жеті дүркін чемпионы, екі дүркін вице-чемпионы және үш мәрте қола жүлдегері. Осындай спортшының қайғылы жағдайға ұшырап, басынан жарақат алуы өкінішті. Оның денсаулығы жанкүйерлерінен бөлек, спорт сүйер қауымның барлығын алаңдатқаны анық.

Жалпы, 2013 жылдағы қайғылы оқиғадан соң, Шумахердің жанұясы оның қайта ес жиюынан үміт үзбей, автошабандоздың еміне 10 миллиондаған еуро жұмсап келеді. Осы орайда атақты спортшының материалдың байлығы қанша екені туралы айтып өткенді жөн көрдік.

Михаэль Шумахердің қаржылық жағдайы

Celebrity Networth басылымы Формула-1 жұлдызының байлығы шамамен 800 миллион доллар екенін хабарлаған. Forbes Шумахердің бас айналдыратын мансабында 1 миллиард доллар пайда тапқанын мәлімдеген.

Шумахер ең жоғары жалақы алатын спортшылардың бірі болған және ол жарыстарға қатыспаса да, жылына 50 миллион доллар табатын. Даңқты спортшының еміне жанұясы аптасына 140 мың еуро төлеп келді. 

© express.co.uk

Шумахерге қанша төлеген?

Автошабандоздың дәуірі жүріп тұрған уақытта Shell компаниясы өзінің логотипі жазылған бас киімді киіп жүргені үшін оған жылына 10 миллион доллар төлеген. 

Бұдан бөлек Deutsche Vermögensberatung бас киімін киіп жүргені үшін де компания оған жылына  8 миллион төлеген.

2013 жылғы қайғылы оқиғадан сәл бұрын Sports Illustrated Шумахердің жыл сайын Mercedes көлігімен сайысқа шығып, 20 миллион доллар табатынын мәлімдеген. Жалпы, Шумахер 20 жыл бойы ең көп табыс табатын спортшылардың бірі болған. 

© vecernji.hr

Михаэль Шумахердің мансабы

Даңқты спорт жұлдызы 1969 жылы 3 қаңтарда Батыс Германияның Хюрт қаласында дүниеге келген. Оның осы жолды таңдауына әкесі Рольф ықпал еткен. Михаэль ең алғашқы көлікті (картинг) төрт жасында тізгіндеп, бес жасында жарыстарға қатыса бастады. Ал алты жасында өзінің алғашқы клубтық чемпионатын жеңіп алды.

14 жасында  алғашқы көлік жүргізу лицензиясын алып, ресми жарыстарда өнер көрсете бастады. 1984-1987 жылдар аралығында  Михаэль картинг бойынша бірнеше рет Германия мен Еуропа чемпионаттарының жеңімпазы атанды, соның ішінде König Formula сериялары да бар. 

1990 жылы Германия Формула-3 чемпионы атанды. Mercedes Junior жастар бағдарламасының мүшесі ретінде Карл Вендлингер және Хайнц-Харальд Френтцен бірге әлем чемпионатына қатысты, 1990 жылы Мехико қаласында (Мексика) Sauber-Mercedes C11-де, 1991 жылы Аутополисте (Жапония) жеңіске жетті.

1991 жылы 22 жасында Формула-1-де Бельгия Гран-Приінде дебют жасады.

1994 жылы ол жеті жарыстың алтауын жеңіп, екі жылдан кейін Scuderia Ferrari SPA командасына қосылды. Олар чемпионатты жеңіп алу үшін барын салды, бірақ сайыс Шумахер үшін сәтсіз болды.

2000 жылы ол Әлем кубогын, Италия Гран-Приін және Жапония Гран-Приін жеңіп алды.

© red-carpet.bg

Шумахер мансабының қайғылы аяқталуы

Оның мансабы 1991 жылы басталып, 2006 жылға дейін Jordan Benetton және Ferrari-дің қатысуымен өтті, ал 2010 жылы ол Mercedes GP-мен спортқа оралатынын мәлімдеді.

Алайда ол 2013 жылы Альпі тауында шаңғымен сырғанау кезінде басынан ауыр жарақат алып, комаға түсті.

Комаға түскен спортшыны  Греноблдағы емханаға жеткізіп, басынан бірнеше рет ота жасады. 2018 жылы Шумахердің беті бері қарап, қосымша құрылғысыз, тәуелсіз тыныс алып жатқаны хабарланды. 

9 қыркүйек күні даңқты автошабандоз Михаэль Шумахерге "құпия емдеуден" өткізу үшін Париждегі емханалардың біріне жеткізілген еді. Le Parisien мәліметі бойынша, Шумахердің жасушасын ауыстыру бойынша ота жасалған. Отаны әлемге әйгілі кардиохирург Филипп Менаше жасағаны туралы жазған едік.

Енді Шумахердің Париждегі Джордж Помпиду клиникасынан кетіп қалғаны туралы жаңалық тарала бастады. Бұл туралы Le Parisien журналисі Жан-Мишель Декюджи BFMTV-ге берген сұхбатында мәлімдеді.

Т. Раушанұлы