Қысқы және жазғы олимпиада ойындарында топ жарған жалғыз адам

Қысқы және жазғы олимпиада ойындарында топ жарған жалғыз адам
Фото: Average Joes

Эдди Иган – ерекше спортшы. Ол жазғы және қысқы олимпиадада топ жарған жалғыз адам.

1897 жылы АҚШ-тың Денвер қаласында қарапайым шаруашының отбасында дүниеге келген Иган (толық аты - Эдвард Патрик Фрэнсис Иган) бала күннен спортқа жақын болатын.

Дегенмен Эдди (лақап аты) бокс әлеміне аяқ астынан келген. Зауытта істеп жүргенінде бокстың қыр-сырын үйрене бастайды. Күндердің күнінде 15 жасар бала зауыт бригадирі Болттың келемежіне шыдамай, оған тойтарыс береді. Алып денелі қарсыласын бір соққымен сұлатып түсірген Эдди Иганды бүкіл зауыт жұмысшылары "Чемпион" деп атай бастайды. Кәсіпорындар арасында бокстан жарыстарға қатысады. Осылайша туған қаласында жас жігіттің аты шыға бастайды. Алайда ол спортты емес, оқуды таңдайды. Денвер университетінде бір жыл құқық бойынша білім алып, 1917 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанады.

Францияда бір жылға жуық әскерде қызмет етеді. Бір күні Эдди сержантпен келіспей қалып, екеуі жұдырықтаса жөнеледі. Сержантты құлатқан Эддиді офицерлер жазалаудың орнына, бокстан жарысқа жіберуді шешеді. Парижде өткен одақ мемлекеттер арасындағы жарыста Эдди жүлде алмаса да, жанкүйерлердің көз айымына айналады. Бұған дейін Еуропа жұрты мұндай шапшаң әрі шабуылдауды ұнанатын боксшыны көрмесе керек. 

Соғыстан келгеннен кейін де спортты тастаған жоқ. Оқу мен спортты қатар алып жүрген Иган әуесқойлар арасында ауыр салмақтан қарсылас шақ келтірмейді. Дарынды боксшы байқаған бапкерлер оны құрамаға шақыртып, олимпиадаға дайындайды. Осылайша, 1920 жылы Антверпенде өткен олимпиадаға қатысқан шапшаң боксшы 79,4 келі салмақта алтыннан алқа тақты.

Олимпиада чемпионы оқуды да ұмытқан жоқ. Олимпиада ойындарынан соң Оксфордты адвокат мамандығы бойынша тәмәмдайды. Төрт жыл кейінгі олимпиадада Эддиді жолы болмай, бірінші жекпе-жегінде-ақ жеңіліп қалады. Алайда ол боксты тастамайды. Әлемді шарлап, әуесқойлар арасында жекпе-жектер өткізіп тұрды. 

Пегги Колгейт есімді сұлумен шаңырақ құрғаннан кейін Эдди біржола спортпен қош айтысуды шешеді. Адвокат кеңсесін ашып, заңгер болып қызмет істеп жүреді. 

Бірақ арада бірнеше жыл өткенде Лейк-Плэсидегі олимпиадаға үш апта қалғанда бобслейден жасақталған құраманың шақырту алады. Тәжірибелін әріптестерімен бірге 1932 жылғы олимпиаданың алтын жүлдесін қоржынға салады. 

Осылайша, Эдди спорт тарихында жазғы және қысқы олимпиада ойындарында екі түрлі спорт түрінен топ жарған алғашқы адам атанды. Одан кейін қос олимпиадада тек төрт спортшы жүлде алған. Олар: норвегиялық Якоб Туллин Тамс (трамплиннен шаңғымен секіру және желкенді қайық спорты), неміс Криста Лудинг-Ротенбургер (конкимен жүгіру және велоспорт), канадалық Клара Хьюз (конкимен жүгіру және велоспорт) және америкалық Лорин Уильямс (жеңіл атлетика және бобслей) есімді спортшылар. 

Әлі күнге дейін Эдди Иганның бұл ерекше жетістігін ешкім қайталай алмай келеді. 

Айбар Рысдәулет

Massaget